Аягөздегі сарбаз өлімі: Марқұмның туғандары суицид жасады дегенге сенбейді
Сарбаз Қызылордада университетте оқыған
Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды. Көз жұмған сарбаздың есімі – Нұрсұлтан Алдамұратов,- деп хабарлайды newsroom.kz
Деректерге сүйенсек,сарбаз Қызылордада университетте оқыған. Оқу ордасының әскери кафедрасын бітіріп, лейтенант мәртебесін алған.
Аягөзде оны екі жылға қызметке шақырған еді. Бір сағат бұрын суыт хабар келді. Асылып қалған дейді. Командирдің орынбасары солай айтты. Бұл жақта күмән туады. Кеше ғана барған адам қалайша асылып қалады? – дейді әскери қызметкердің жездесі Дархан.
Айта кететін жайт, марқұмның туған-туыстары сарбаз өз- өзіне қол жұмсады дегенге сенбейді.
Бес уақыт намазын оқитын, өмірді ерекше жақсы көретін адам еді,- дейді туғандары.
Айта кетелік, Нартай Сәрсенғалиев отан алдындағы борышын өтеуге барған боздақтардың табытпен оралып жатқанына ашынды. Оның сөзінше, соңғы 4 жылда сапта тұрған 86 сарбаз өзіне қол салған. Ал 270 әскери қызметкердің қызмет бабында ғұмыры қиылған. Депутаттың айтуынша, жағдай жалғаса берсе, ертең армияның ахуалы өршуі мүмкін.
«Жауырды жаба тоқығанымен жараның жазылмайтыны» белгілі. Оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбірі көз жұмды. Бұл – бір рет емес, бірнеше рет болған жағдай. Салдарынан айыппұл салмақ түгілі, айып тақсаң да ата-аналар бауыр еті баласын әскер қатарына жібергісі келмейді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.