Жекеменшік мектептер жыл сайын көбейіп келеді
Жекеменшік мектепте ағымдағы жылда 400 000- ға жуық бала дәріс алады
Елімізде соңғы 4 жылда жекеменшік мектепке сұраныс қарқынды түрде өсіп келеді,- деп хабарлайды newsroom.kz
Атап айтқанда, Қазақстанда соңғы 10 жылда туу көрсеткіші өсуіне байланысты мектепте оқушы саны 1 миллион асып, білім алатын бала саны 3,9 млнды құраған.
Бұл ретте жекеменшік мектептер мен білім алатын оқушы саны да өскен. Мәліметтер бойынша, аймақтарда жекеменшік мектеп санының өсуі тікелей балалар санына және отбасы табысына байланысты.
Ақпараттар бойынша , биылғы мемлекеттік мектептерде білім алатын бала саны 4 млн ға жуық. Ал, жекеменшік мектепте ағымдағы жылда 400 000- ға жуық бала дәріс алады.
Бұл көрсеткіш 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда едәуір ұлғайған. Мәселен, 2020 жылы 3,4 млн бала мемлекеттік мектепте оқыса, жекеменшік мектепте 42378 оқушы білім алған.
Сондай-ақ, жекеменшік мектептер еліміздің мегаполистерінде орналасқан. Деректерге сүйенсек, Алматы көш бастап тұр. Онда 87 жекеменшік білім ордасы бар. Шымкентте 50 және Астанада 43 жекеменшік мектеп бар. Бүгінде Түркістан облысында 45 жеке мектеп болса, Жамбыл облысында 30 мектеп қарқынды жұмыс атқаруда.
Бұл ретте ата-аналардың айтуынша, мемлекеттік мектепте оқу бағдарламасы тегін болғанымен, бүгінгі таңда баланы өз қабілетіне сай дамыту үшін ата-аналар қосымша ақы төлеуге мәжбүр. Елімізде тегін бағдарламаларға орын саны толып қалған жағдайда бала өзі қалаған үйірмеге бара алмайды.
“Жеке мектеп пен мемлекеттік мектептің айырмашылығы – уақыттың тиімділігі. Қазіргі заманда бала жан-жақты даму керек деп ойлаймын.
Ата-аналарға жеке мектептер өте тиімді. Бала 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін мектепте гаджетсіз тек сабақ оқиды. Жеке мектептердегі методика бәсекелестікке жақын, аптаның соңында балаларды мұғалімдері кішігірім сыйлықпен қуантады.
Ағылшын тілін америкалық мұғалімнен үйренеді, баланың жеке формасы болады, әр сыныпта 18-20 бала оқиды. Шетелдік мұғалімдерді алып келіп жатыр. Бұндай мұғалімдердің алдынан өткен оқушы жаман болмайды деп ойлаймын. Жеке мектептің өз психологы бар, әр баламен жеке жұмыс істейді"- деді ата- ана Қарлығаш Мешітбай.
Айта кетелік, бүгінде елімізде 7941 мемлекеттік мектеп, 677 жекеменшік жұмыс атқаруда.