Білім

Сәтбаев университеті Қазақстан халқына жолдауын талқылауды жалғастыруда

Басты тақырыптардың бірі жоғары оқу орындары алдында тұрған міндеттер болды

Сәтбаев университетінің профессорлары Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауды жалғастыруда. 
Осыған орай 2024 жылғы 13 қыркүйекте Э. Түркебаев атындағы Жобалық басқару институты дөңгелек үстел ұйымдастырды,- деп хабарлайды newsroom.kz

Шарада университет профессорлары Мемлекет басышысының жолдауының маңызды аспектілерін талқылап, экономикалық дамуға қатысты мәселелер мен елдегі өзекті проблемаларды шешу механизмдеріне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелге құрметті қонақ ретінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Ханкелді Махмұтұлы Абжанов және Г. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің кафедра меңгерушісі, доцент Болат Қабдушев қатысты.

Айта кетелік, талқылаудың басты тақырыптарының бірі жоғары оқу орындары алдында тұрған міндеттер болды. Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету, кадр тапшылығын жою, қазақстандық жоғары білімді халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялау, сондай-ақ білім сапасын арттыру мен қолданбалы ғылымды дамыту сынды негізгі мәселелер қозғалды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар алға қойылған мақсаттарға жету үшін білім беру мекемелері мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан экономикасын одан әрі дамытуға үлес қосатын мамандарды даярлауда университеттердің рөлін ерекше атап көрсетті.