Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 қыркүйек, 2024 / Перизат Ілес / Sportroom

ДКО: Қазақстан құрамасы чемпион

Қос команда бұған дейін Әлем чемпионатында кездескен

ДКО:  Қазақстан құрамасы чемпион
Фото: argymaq.kz

Бүгінгі Ѵ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен көкпардан финалдық кездесуді тарихи ойын десек қателеспейміз. Қос команда бұған дейін көшпенділер ойындарын былай қойғанда, Азия, Әлем чемпионатында да кездескен,- деп хабарлайды newsroom.kz

Барлығында қазақ жігіттеріне есе жіберіп жүрген қырғыз көкпаршылары бұл бәсекеге барынша дайындалып келген екен. Оны көкбөріде аты аңызға айналған Манас Ниязовтың көкпар құрамынан көрінгенінен-ақ байқауға болады. Айыр қалпақты ағайын «көкбөрүден онсызда аламыз, енді көкпардың да әуселесін көрейік» деген ішкі дайындығы барын команда құрамынан-ақ байқауға болады.

2017 жылы Әлем чемпионатында, 2022 жылы Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да айыр қалпақты ағайын көкпардан біздің жігіттерге тиянақ бола алмаған еді. Түркияда екі команда да сол жақтың аттарымен шауып, қап десіп қалған. Бұл жолы барлығы өз аттарымен, толық дайындықпен келді. Екі команда да сайдың тасындай сайлауыттар.

Сонымен көптен күткен дода басталды. Алғашқы айналымнан-ақ бұл ойынның оңайға соқпасын байқадық. Ойын басталған алғпшқы сәтте Қазақстан құрамасының ойыншысы Ернат Мәлімбай есеп ашып, көрерменнің көңілін көтеріп тастады. Дегенмен бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қырғызстан құрамасының әйгілі ойыншысы Манас Ниязов таразы басын теңестіріп үлгерді. Артынша қырғызстандық Қуанышбек Сұлтанұлы қатарынан екі салым салып, есепті 3:1-ге жеткізді.

Осы тұста атшабар алаңын толтырған 30 мың көрерменнің шыдамы шегіне жетті.

Командалар арасындағы шамалы түсініспестіктен кейін, ойын қайта жалғасын тапты. Алғашқы бөлімнің соңғы сәттерінде ел құрамасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек садым салуға барын салса да, қырғыз қорғанысы мүмкіндік бермеді.

Екінші айналымда біздің жігіттер біраз шираған екен. Алаң қожайыны екендері естеріне түсіп, таразы басын теңестіріп, есепті 4:3-ке апарды. Алайда ойынның соңғы секундында қырғызстандық Өмірбек Есенұлы таразы басын теңестіріп үлгерді. Есеп 4:4.

Төреші шешімімен командаларға 5 минуттық үзілістен соң 10 минут алтын уақыт берілді. Сол он минутта қай команда бірінші салым салса, сол команда жеңімпаз болып есептеледі.

Қазақстан құрамасы:

Құрманбек Тұрғанбек -2, Абылайхан Нышанбеков -1, Ернат Мәлімбай -1