“Қазақстан халқына” қоры ЖОО-ға бөлген 792 гранттың иегерлері белгілі болды
Грант иелеріне 10 айға 40 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді
«Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры жастардың сапалы жоғары білім алып, болашағы табысты болуы үшін мүмкіндік жасау мақсатында қолдау көрсетуін жалғастырып жатыр. 2022 жылы бағдарлама іске қосылғаннан бері 3117 студент қолдауға ие болып, оның 517-сы оқуын сәтті аяқтады,- деп хабарлайды newsroom.kz
2022 жылдан бастап Бағдарламаны жүзеге асыру барысында Қор студенттердің оқу ақысы мен шәкіртақысын төлеуге 4,8 млрд теңге бөлді.
Бүгін «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқармасы 2024 жылға арналған білім гранттарына ие болған талапкерлердің тізімін бекітті. Биыл қайырымдылық бағдарламасы аясында 850 грантты бөлу үшін 93 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындары (ЖОО) таңдалды. 2024 жылдың 1 мен 17 тамызы аралығында білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары бағдарламаға қатысуға ниетті үміткерлердің өтініштерін қабылдады.
Endowment Qazaqstan Halqyna ҚҚ бағдарламасының әкімшісі 85 оқу орнының конкурстық комиссияларының хаттамаларын алды. Құжаттардың критерийлерге сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша келесі санаттар бойынша бөлінген 792 өтініш берушінің түпкілікті тізімі қалыптастырылды:
1. 3 өтініш беруші (0,4%) - 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары;
2. 168 өтініш беруші (21,2%) - жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
3. 149 өтініш беруші (18,7%) - ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан үміткерлер;
4. 177 өтініш беруші (22,4%) – мүгедектігі бар азаматтар;
5. 295 өтініш беруші (37,3%) - мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасында тәрбиеленіп отырғандар.
«Қазақстан халқына» қорының білім беру гранты тегін, күндізгі бөлімде оқудың барлық кезеңіне бакалавр дәрежесін бере отырып, жылына 1 миллион теңгеге дейін жоғары білім алу құнын өтейді. Сондай-ақ грант иелеріне жазғы демалысты есепке алмағанда жылына 10 айға 40 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы стипендия төленеді.