Жамбы атудан жүлде алған спортшыларға сыйақы берілді
Ұлттық құрама спортшылары жалпы есепте екі алтын екі күміс екі қола жеңіп алды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жамбы атудан жүлделі орын алған ұлттық құрама спортшыларына Alageum Electric атынан сыйақы берілді, деп хабарлайды Жамбы ату федерациясы,- деп хабарлайды newsroom.kz
Жамбы атудан спортшылар мажар, азия, түрік және жамбы стилінен сынға түсті. Төрт жарыс күнінің қорытындысы бойынша жүлде алған спортшыларға сыйақы тағайындалды:
1-орын – BI Group-тан бір бөлмелі пәтер
2-орын – автокөлік
3-орын – 5 миллион теңге.
Ал жамбы атудан ұлттық құрама бас бапкеріне автокөлік сыйға тартылады.
«Ұлттық спортымыз жамбы атуды дамыту үшін әрі жігіттерімізге жігер беру мақсатында сыйақы тағайындаймын деп шешім қабылдаған едім. Енді міне ұлттық құрама спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екі алтын, екі күміс, екі қола жүлдеге ие болды. Ел сенімін ақтап, үздік нәтиже көрсетіп отыр», – деді Alageum Electric компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы, Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов.
Сондай-ақ, бір алтын, бір күміс алған Батыр Бексауытқа BI Group-тан бір бөлмелі пәтер беріледі. Ал бір алтын, бір қола иеленген Ералхан Айкөзгеге автокөлік табысталады. Күміс және қола жүлде алған Айтбек Сарыбайға 5 миллион теңге ақшалай сыйақы тарту етіледі. Ал жамбы атудан ұлттық құрама бас бапкеріне автокөлік сыйға тартылады.
Жамбы атудан ұлттық құрама спортшылары жалпы есепте екі алтын, екі күміс, екі қола жеңіп алды.