Бес алтын, бір күміс: Аударыспақтан қазақ жігіттері сенсация жасады
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақ бәсекесі аяқталды
Жарыстың екінші күнінде 90, 100, +100 келі салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынды. Атап айтсақ, 90 келі салмақ дәрежесінде қырғызстандық Ислам Бердібекұлы топ жарды. Екінші орын қазақстандық Есімхан Рахматілләға бұйырды,- деп хабарлайды newsroom.kz
Ал 100 келіде қазақстандық Сырым Ізбасаровқа тең келетін ешкім болмады. Ол финалда Моңғолиядан келген Ерболат Жеңісбекті таза жеңді.
Сондай-ақ, 100 келіден жоғары салмақта тағы бір қазақстандық Біржан Қосалиев үздік шықты. Финалда қырғызстандық Күмушбек Қыдырәлиевтен басым түсті.
Айта кетелік, «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен аударыспақтан бәсекеге 9 мемлекеттен, 64 спортшы қатысты. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Алғаш рет АҚШ пен Түркияның балуандары өнер көрсетті.