Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
11 қыркүйек, 2024 / media.ayazhan / Жаңалықтар

Кәсіби маман болу – заман талабы

Мемлекеттік қызметшілердің сауатты сөйлеуі, мәдениетті болуы, шешім қабылдай білуі және кәсіби маман болып қалыптасуы – заман талабы.

Кәсіби маман болу – заман талабы
Сарапшының жеке архивінен

2024 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын қоғамда орнықтыруды тапсырды. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Жақсат Төлегенов Жолдауда айтылған мәселелерге қатысты пікірін білдірді.  

«2024 жылы Парламент сессиясында қоғамдық талқылаудан өткен 102 Заң қабылданған. Соның ішінде «Қоғамдық бақылау туралы» Заң да бар. Бүгінде халқымыздың құқықтық мәдениеті артып келеді. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріп келеді. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Азаматтардың саяси реформаларға қатысуы бірнеше заңға енгізіліп, құқықтық механизмдері пайда болды. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Заңда азаматтардың митингке шығу, пикет өткізу сияқты нормалары реттелді. Дегенмен, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын алдын алу зерттеу, шешу мәселесін қарастыру мемлекеттік органдарға жүктеледі. Осы тұста, мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдау, мәселені шеше білу сияқты кәсіби құзыреттіліктері болуы шарт», – дейді Академия магистранты.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті» екенін айтып, мемлекеттік қызметшілерді оқыту, дағдыларын арттыру қажет екенін жеткізді. Кәсіби құзыреттіліктерін арттыру мақсатында жаңа оқу жылында Академияға білім алуға барған мемлекеттік қызметші магистрлік жоба жазу барысында Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді назарға алатынын айтты.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, наразылық білдіріп тұрған тұрғындарға жергілікті атқарушы органдардан спикер ретінде өкіл келіп, түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеу салдары одан сайын билікке деген сенімді жоғалтады. Мемлекеттік қызметші – биліктің айнасы, мемлекет пен қоғам арасындағы көпір. Сондықтан сауатты сөйлеу, мәдениетті болу, шешім қабылдай білу, кәсіби маман болып қалыптасу – заман талабы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдаудың сегізінші бағытында Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек екенін баса айтты. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек», – деп Мемлекет басшысы Үкіметке міндеттер жүктеді. Осы орайда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының магистранттары ретінде біз ғылыми жобаларымызда Жолдау аясында көтерілген мәселелердің өзектілігін көрсете отырып, қоғамға қажетті ұсыныстарды мемлекеттік органдарға ұсынатын боламыз», – деді Жақсат Төлегенов.