Жетісу облысында үш жасар бүлдіршін үш күннен бері іздестірілуде
Іздестіру жұмысына 400-ге жуық адам қатысты
Жетісу облысы Көксу ауылында 7 қыркүйекте жоғалып кеткен үш жасар бала әлі іздестіріліп жатыр. Балақай үйдің ауласында ойнап жүріп, із-түссіз жоғалып кетті,- деп хабарлайды newsroom.kz
Бала 7 қыркүйек сағат 10:00 шамасында есік алдында ойнап отырып, көшеге шығып кеткен. Ата-анасы алдымен көршілерінен сұрастырып таппаған соң полицияға хабар берген.
Анасының айтуынша, ол тамақ пісіруге 15-20 минутқа ас үйге кіріп кетіпті. Сол аралықта баласынан көз жазып қалған.
"Жүрек табылатынына сенеді. Ел іздеп жатыр, үміт үзбейміз", - деді баланың анасы.
Арнайы жасақталған жедел іздестіру тобы сенбіден бері әр үйдің ауласын, қора-қопсыны түгел қарап шыққан. Үйдің іргесінде ағыны қатты өзен бар. Сенбі күні баланы сол маңнан көргендер де болған. Сондықтан құтқарушылар алғашқы күні-ақ Мұқаншы өзеніндегі иірімдерді түгел қарап шықты.
"Іздестіру жұмысына 400-ге жуық адам қатысты. Бұл жерде полиция департаментінен 80 адам, Ұлттық ұлан әскери бөлімінен 100 адам, ТЖД департаментінен 15 адам және жергілікті атқарушы органдардан, жақын аудандардан еріктілер келіп, іздестіру жұмыстарына көмектесіп жатыр", - дейді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайсар Мұхметов.