Жаңалықтар

Елордада “Бейбіт атомды қолданудың артықшылықтары” атты дөңгелек үстел өтті

Соңғы 12 жылда 1600-ден астам маман даярланды

2024 жылы 10 қыркүйекте Астана қаласында «Қазақстанның Ядролық қоғамы» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Бейбіт атомды қолданудың артықшылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елде атом электр станциясын салу ниеті туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысының атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, елде халық арасында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аясында атом электр станциясы құрылысы жобасына қатысты түрлі сала сарапшыларының пікірлері мен ұсыныстары талқыланды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің сарапшылары, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне қарасты «Ұлттық ядролық орталық» РМК, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне қарасты «Ядролық физика институты» РМК, «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, сондай-ақ «Қазақстанның энергиямен қамтамасыз ету ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ өкілдері шақырылды. Сондай-ақ, шараға мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелер мен салалық ұйымдардың негізгі өкілдері қатысты, бұл талқылаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселелері бойынша жан-жақты қарастырылған және негізделген ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Дөңгелек үстел қатысушылар арасындағы ашық диалог форматында өтті, бұл талқыланған мәселелердің терең талдануы мен сарапталуын қамтамасыз етті. Әсіресе, энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне және жобаны дайындау кезеңдеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар АЭС құрылысы жобасын сәтті жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды дамыту және кадрлық әлеуетті арттыру бойынша өз көзқарастарымен бөлісті.

Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мұрсалова Қазақстанның энергетика секторы дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін теңгерімдеуге ұмтыла отырып, белсенді дамып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда елдегі электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі көмір станцияларына тиесілі, олар жалпы өндірістің 66%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторы айтарлықтай өсім көрсетуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК-тің өндіріс үлесі шамамен 6%-ға жетті. Жоспарға сәйкес, инвесторлар мен есеп айырысу-қаржы орталығы арасындағы қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде жобаларды жүзеге асыру, ЖЭК бойынша жыл сайынғы аукциондық сауда-саттықтар өткізу, сондай-ақ стратегиялық инвесторлармен ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясының үлесін арттыру көзделген. Сонымен қатар, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен экономиканы дамыту мақсатында тұрақты энергия көздерін, яғни АЭС салу қажет.

Қазіргі уақытта шыңдық сағаттарда біз тапшылықты сезініп, жоспарлы түрде шекаралас елдерден жетіспейтін электр энергиясын сатып алып жатырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВтсағ құрады, ал тұтыну 115 млрд кВтсағ болды. 2023 жылы жалпы электр энергиясын тұтынудың 2%-ға жуығы немесе 2 млрд кВтсағ-тан астамы Ресей Федерациясынан сатып алынды. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 60 млрд кВтсағ құрап, оның ішінде 1 млрд кВтсағ-қа жуығы көрші елдерден сатып алынды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, энергетика секторында қолданылып жатқан қазіргі технологиялардың даму деңгейі жағдайында атом электр станциясын салу қуат тапшылығын алмастырудың және Қазақстанның тұрақты энергетикалық болашағын қамтамасыз етудің ең перспективалы шешімі болып көрінеді.

«ҚАЭС» ЖШС-ның бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, Үкіметтің тапсырмасы бойынша екі аймақтың АЭС орналастыруға жарамдылығы қарастырылған, екі аймақ та АЭС салуға қолайлы, бірақ Үлкен ауылының аймағы басымдыққа ие. Сонымен қатар, тәуелсіз халықаралық зерттеу (2019 жыл, жапон консорциумы) жүргізіліп, маркетингтік зерттеулердің әдістері мен нәтижелері расталды.

Реактор түрін таңдау мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институтының реактордан тыс сынақтар бөлімінің бастығы, сарапшы Асаң Ақаев өз пікірімен бөлісті.

- Қазақстан Республикасында салуға 3 және 3+ реакторлары қарастырылуда. Бұл реакторлар барынша қауіпсіз және бір-бірін бірнеше рет қайталайтын пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Пассивті қауіпсіздік жүйелеріне сыртқы энергия көзі қажет емес және табиғи физикалық заңдардың, мысалы, гравитацияның әсерінен, тіпті оператор қателескен немесе мүлде әрекет етпеген жағдайда да, реакторды қауіпсіз күйге келтіруге қабілетті. Қазіргі кезде пассивті салқындату жүйелері апатты жағдайдағы реактордан жылуды персоналдың толық әрекетсіздігі кезінде 3 тәулік бойы өздігінен шығара алады.

Мамандандырылған физикалық тосқауылдардың жиынтығы және апатқа қарсы әрекет ету шаралар кешені қазіргі заманғы АЭС-тердің көп деңгейлі қорғанысын құрайды. Ядролық бөліну реакциясы кезінде түзілетін радионуклидтердің сыртқа шығуын болдырмаудағы бірінші физикалық тосқауыл – бұл арнайы құрылымды ядролық отынның өзі. Екінші тосқауыл – бұл отынның герметикалық металл қабығы, онда ядролық отын орналасқан. Үшінші тосқауыл – қалыңдығы шамамен 20 см болаттан жасалған реактор корпусы, ал төртінші тосқауыл – екі қабатты герметикалық контаймент, ол бастапқыда 8 баллдық жер сілкіністеріне, су тасқындарына және тіпті сағатына 720 км жылдамдықпен ұшатын 400 тонналық ұшақпен соқтығысуға төзімді. Кез келген апаттық жағдай туындағанда, барлық апат салдары осы қорғаныс қабығымен шектеледі, - деп атап өтті ол.

Астана филиалы Ядролық физика институтының директоры Максим Здоровец мамандарды даярлау мәселесіне қатысты өз пікірін білдіріп, Ядролық физика институты ядролық физика саласындағы мамандарды даярлайтын төрт жоғары оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті және Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Бұл оқу орындарының студенттеріне институтта ғылыми-практикалық тағылымдамадан өтуге, ғылыми жұмыс жасауға және оқу уақытынан тыс кезде қондырғыларда жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беріледі. Ағымдағы жылы білім алушылар саны 253 адамды құраса, соңғы 12 жылда 1600-ден астам маман даярланды.

Сонымен қатар, Институт қызметкерлері MIT, CERN сияқты әлемге танымал ғылыми ұйымдарда тағылымдамадан өтіп, бірлескен зерттеулер жүргізуде. Тек соңғы 5 жылда Ядролық физика институты 30-дан астам PhD докторларын даярласа, жалпы жұмыс істеген кезеңінде 300-ден астам ғылыми дәрежесі бар, соның ішінде докторлар, кандидаттар және PhD дәрежесін иеленген ғалымдарды дайындады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де кадрлар даярлау бойынша осындай жүйелі жұмыс жүргізуде, деп атап өтті өз сөзінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының меңгерушісі Қасым Жұмаділов.

Сарапшы, энергетикалық қауіпсіздік саласының маманы және «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры Алмаз Әбілдаевтың пікірінше, АЭС құрылысы Қазақстан үшін көптеген мүмкіндіктер ашады. Ең алдымен, бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қазіргі экологиялық трендтерді ескере отырып, ауаның ластануын азайту арқылы жүзеге асады.

Әбілдаевтың айтуынша, Қазақстан халықаралық энергетикалық нарықтарға терең интеграцияланған және олардың маңызды қатысушысы болып табылады. Алайда, елдің энергетикалық әлеуеті әлі де толық ашылмаған.

Осылайша, өткен дөңгелек үстел атом энергетикасын дамытуға бағытталған теңгерімді шешімдерді талқылау мен қалыптастыру үшін маңызды алаңға айналды.