Мәдениет

Астанада “Мерейлі отбасы” байқауының жеңімпаздары марапатталды

Іс-шараға еліміздің барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар қатысты

Отбасы күні қарсаңында Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев байқау жеңімпаздарына арнайы сәлемін жолдап, құттықтау хатын жіберді. Президенттің жылы лебізін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді.

Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында отбасы институтын қолдау маңызды қадам екенін атап өткен. Сондықтан елімізде бұл бағытқа баса мән беріліп, жүйелі шаралар қабылданып жатқаны да айтылды.

«Мерейлі отбасы» байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ұлтымыздың жаңа келбетін қалыптастыруда отбасы институты шешуші рөл атқаратынына үнемі назар аударып келе жатқанын айтты. Палата Спикері атап өткендей, Президент Ұлттық құрылтайдың отырысында жариялаған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымы ел идеологиясының іргетасы ретінде айрықша маңызға ие.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасының әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да осы мәселелерге назар аударып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған кезекті әлеуметтік бастамалар кешенін жариялады. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпалын тигізетіні анық», – деп, Мәулен Әшімбаев Палатаның Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру аясында атқарып келе жатқан заңнамалық қызметіне тоқталып өтті.

Сондай-ақ биыл іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды жоба жөнінде және соның аясында елдегі 7 миллион баланың қамтылғаны сөз болды. Отбасыларды қолдауға және әйелдер мен балалар құқығын қорғауға арналған басқа да шаралардың маңызы айтылды.

Сенат төрағасы байқау жеңімпаздарын құттықтай келе, адамгершілік және отбасылық құндылықтарды дәріптеу ісінде «Мерейлі отбасы» байқауы елеулі рөл атқаратынын айтты.

Айта кетелік, жалпы жобаға бір салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан еңбек династиялары, шығармашыл және бала асырап алған отбасылар, волонтерлер мен меценаттар қатысып жатыр. Биыл байқау 11-ші рет өткізіліп отыр. Байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға Қазақстанның барлық аймақтарынан 3 369 өтінім түскенін атап өткен жөн. Байқау жеңімпаздарын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады.

«Қазақстандағы әр отбасы – еліміздің тірегі, жүрегі. Сіздердің байқауға белсенді қатысып, жеңімпаз атанып отырғандарыңыз мен үшін қуаныш. Әр отбасы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп отырған балаларының қызығын көре берсін!» – деді Аида Балаева.

 

.