ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы тағайындалыпты

Қанат Әуесбайұлының БАҚ және үкіметтік емес ұйымдарда бай тәжірибесі бар

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Журналист-педагог Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы болып тағайындалды. Бұл туралы ЖОО баспасөз қызметі мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Қанат Әуесбайұлы 1982 жылы 14 қаңтарда қазіргі Тараз қаласында туған.

2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдаған.

Айта кетелік, Қанат Әуесбайұлының БАҚ және үкіметтік емес ұйымдарда бай тәжірибесі бар: «31 арна», «Қазақстан», «Astana» сияқты республикалық арналарда тілші, редактор-сарапшы, тележүргізуші, шеф-редактор, Жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, Президент орталығы баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры, Elorda Aqparat медиа-холдингінің директор орынбасары, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астанадағы филиалының төрағасы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының диджитал директоры болып қызмет етті. 

Сондай-ақ, 2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританияда ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті (University of East Anglia, Norwich). 

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған. «Turan-Astana» университетінде «құқық магистрі» академиялық дәрежесін алды. 

Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Nur Sunqar» байқауының жеңімпазы, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. 

Ұлыбританияда басылып шыққан қазақ және ағылшын тіліндегі «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының авторы.

Жүктелуде...