Жаңалықтар

Қалдыбек Құрманәлі: Мәселенің аяғына дейін қызымның қасында боламын

Қоғамның буллингінен соң Әнару бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болыпты

Спортшы Жанқош Тұраровтың үстінен арыз түсірген Әнару Құрманәлінің әкесі белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі қызына көмектесу үшін Алматыға келген. Бұл туралы сазгердің өзімен тілдескен Гүлбану Әниятқызы әлеуметтік желіде жазба қалдырды,- деп хабарлайды newsroom.kz

"Спортшы Жанқош зорлады деп арызданған Әнару Құрманәлінің әкесімен сөйлестім. Қалдыбек Құрманәлі белгілі сазгер, Шәмші әндерін насихаттап жүретінін білесіздер.

Қалдыбек ағаның 2016 жылы өмірден өткен Ақмаржан Таубаева есімді әйелінен Әнару қызы мен Әнасыл ұлы бар екен. Балаларыммен араласып, көмектесіп тұратынын айтты.

Тілшінің айтуынша, Қалдыбек Құрманәлі жүрегіне ота жасатып, денсаулығына байланысты Түркістан облысына көшіп кеткен. "Қазір қызыма көмектесу үшін Алматыға келдім" дейді. "Қызым жылап келгенде бұл сорақылықты қоғам білуі керек деп, журналистермен сұхбат ұйымдастырған да өзім" депті сазгер.

Сондай-ақ, Қалдыбек Құрманәлі Жанқош жақтан кешірім сұрағанын, бірақ ешқандай кешірім бере алмайтынын айтты. "Қызымды қорғауға жанымды, барымды саламын" деп отыр. Әнару 28 жастағы үлкен қыз, тұлға. Жанқошпен кездескені, оған неге сенгені жайлы ештеңе айта алмаймын деді.

Айта кетелік, қоғамның буллингінен соң Әнару бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қазір депрессияда жүр дейді. Қалдыбек Құрманәлі бұл мәселеде аяғына дейін қызының қасында болатынын айтты.