Сұмдық! Ақтөбе облысында бүтін бір отбасы жол апатынан қаза тапты
Апат Қобда ауданындағы Әлия ауылының маңында болған
Ақтөбе облысында жол апатынан бүтін бір отбасы көз жұмды. Аман қалған жүргізуші жансақтау бөлімінде жатыр, – деп хабарлайды newsroom.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Апат Қобда ауданындағы Әлия ауылының маңында болды. Фольксваген тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Мерседес жүк көлігімен соқтығысқан. Салонда жүргізушінің анасы мен өгей әкесі, ағасының екі баласы мен туған бауыры болыпты. Олар сол жерде қаза тапты. Ал ауыр жараланған бес жасар бала дереу ауруханаға жеткізілгенімен, оны да аман алып қалу мүмкін болмады.
Самара-Шымкент тасжолында жол апаты азаймай тұр. Жыл басынан бері апаттан 97 адам қаза тапса, осы айдың өзінде 17 адам жолда жазым болған.
— Жүргізуші ауруханаға жеткізілді. Бес жолаушы қайтыс болды. Үшеуі кәмелетке толмаған балалар. Барлығы тумалар болып келеді, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.