ТҮРКІСТАНДА ЕСІРТКІНІ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЮҒА ЖҰМЫСТАНУДА
Түркістан облысының тұрғынынан сора тәркіленді.
Түркістан өңірінде есірткі бизнесімен күрес жұмысы жандана түсті.
Жеке-жеке тоқталар болсақ, жуырда ғана Түркістан облысының тұрғынынан сора тәркіленді. Келес аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқару барысында құрамында есірткісі бар өсімдік түптерін заңсыз өсірген жергілікті тұрғынды анықтады. Полиция күдіктінің ауласын тінту барысында, 5 литрлік контейнерден құрамында есірткіге ұқсас өсімдіктің үш түбін тапты. Сараптамаға сәйкес тәркіленген есірткі түптері жалпы салмағы 65 грамнан асатын сора болып шықты. Анықталғандай, жас жігіт есірткі өсімдігін елді мекендердің бірінен тауып, үйіне әкеліп, өз ауласына отырғызған. Қазіргі таңда құрамында есірткі заты бар өсімдікті заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр, барлық жағдай анықталады.
Түркістан облысында полиция тұрғыннан марихуана тәркіледі. Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі заттарын сақтады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде полицейлер, аудан тұрғынының құрылысы бітпеген тұрғын үйіне жасырылған, ішінде есірткіге ұқсас заты бар пакетті тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, есірткінің жалпы салмағы шамамен 14 грамм марихуана болып шықты. Ер адам өз жауабында, аталмыш есірткіні мал жаю кезінде тауып алып, өзі тұтыну үшін сақтағанын жеткізді. Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Биыл Түркістан облысында полиция заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі тәркілеп, 91 сайтты бұғаттады. Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, осы жылдың 6 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек тіркелді. Оның ішінде 201-і – қылмыс, 222-сі – теріс қылық. Заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі тәркіленді. Сондай-ақ синтетикалық есірткімен байланысты 24 дерек анықталып, заңсыз айналымнан 1 келіден астам синтетикалық есірткі алынды. Сонымен қатар мониторинг жұмыстарының нәтижесінде синтетикалық есірткі таратуы мүмкін 91 ақпараттық сайт бұғатталды. Есірткіні қоғамдық орында қолданудың екі дерегі анықталды. Ал автокөлік құралын есірткілік масаң күйде басқарудың 24 дерегі тіркелді.
Қазіргі таңда облыс бойынша 295 азамат нашақор есебіне алынған. Олармен профилактикалық іс-шаралардың рөлін көтеру мен әкімшілік заңнаманы күшейту мақсатында ІІМ-нің операциялық жоспары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері мектеп оқушылары мен студент жастар арасында 262 есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, оған жалпы 44 мыңнан астам тұрғын қатысты. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасында қоғамдық орындарда есірткі тұтыну фактілері тіркелмеген. Сондай-ақ 26 мамыр мен 26 маусым аралығында бір ай бойы “26 маусым – Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні” іс-шарасы облыс әкімдігі, оған қарасты басқармалары мен Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ-мен бірлесіп өткізілді. Іс-шараға танымал спортшылар, әншілер, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары қатысып, жастарға есірткі мен нашақорлықтан аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстау туралы үндеулерді жолдады. 17 аудан, қала орталықтарындағы саябақтарда және барлық білім беру ұйымдарында 2023 -2024 оқу жылы оқушылардың қысқы, көктемгі демалысы кезінде нашақорлыққа қарсы бағытталған “Есірткісіз болашақ” акциясы, 102 кездесу, 20 концерт және нашақорлыққа қарсы қойылымдар ұйымдастырылды. Жоғарыда аталған іс-шараға жалпы 20 440 оқушы қатысты.
Түркістан облысының полицейлері тұрғыннан 300-ге жуық түп сора тәркіледі. Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірі өз үйінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді сақтаумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ретінде 51 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Жедел уәкілдер оның үйіне тінту жүргізу барысында үйінің алдына егілген 281 есірткіге ұқсас өсімдікті тауып, тәркіледі. Табылған затқа сараптама тағайындалып, оның сора екенін растады. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысында полиция есірткі жасырып кетушіден мефедрон тәркіледі. Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ордабасы ауданының полициясы синтетикалық есірткі тасымалдаушының қылмысына тосқауыл қойды.
Нақтырақ айтсақ полицияның жүргізген жедел әрекеті арқасында Шымкент – Самара тас жолында күдікке ілінген Hyundai Tucson көлігі тоқтатылды. Жедел уәкілдер тінту кезінде, жүргізуші орындығының оң жағындағы шынтақтірегішінен полиэтилен пакет тапты. Пакетті тексеріп, қарау барысында 47 дана мефедрон орамасы тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары атқарылуда. Күдікті қамауға алынып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Түркістан облысының тағы бір тұрғынынан марихуана тәркіленді. Кентаулық полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында есірткі қылмысына қатысы бар 55 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Жедел уәкілдер ер адамның үйіне тінту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің үйінің ауласында орналасқан гараждың ішінен 5 сіріңке қорабына оралған хош иісті есірткіні тауып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес алынған есірткі марихуана болып шықты. Күдікті өз сөзінде есірткіні өзі қолдану мақсатында сақтағанын айтты. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, Түркістан облысында тұрғынның үйінен 4 түп сора тәркіленді. Түркістан облысы Ордабасы ауданында учаскелік полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс шарасын атқару барысында жергілікті тұрғынның үйіндегі жер төлесінен есірткі өсімдігін тапты. Ер азамат өзінің екі қабатты үйінің кіреберісінің төменгі жағына жертөле салып, онда гүлдің құтыларына сора есірткі өсімдігін еккен. Арнайы жарықшамдармен жасақтап, сораның жайлы өсуі үшін жағдай жасаған. Бүгінгі таңда 10 шақты сора өсімдігі тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталып жатыр.
Түркістанда полицейлер колледж студенттеріне есірткіге қарсы түсіндірме жұмысын жүргізді. Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы мен кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері бірлесіп, жастардың есірткі және нашақорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында Ахмет Яссауи атындағы кәсіби колледж студенттеріне кездесу ұйымдастырды. Жиын барысында жастарға кинологиялық қызмет орталығындағы есірткі мен жарылғыш заттарды анықтайтын және шабуыл жасайтын қызметтік иттердің жұмыстары таныстырылды.
Сонымен қатар “Нашақорлықты және дәріханалық нашақорлықтың алдын алу” тақырыбында есірткінің зияны мен оларға қатысты құқық бұзушылықтарға жауапкершілік қарастырылғаны түсіндірілді. Жалпы, 50-ге жуық студент қатысқан бұл шарада жастар өздерін қызықтырып жүрген сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан жауап алды. Полицейлерге жастар танымдық экскурсия және қызметтік иттердің жұмысымен жеке танысу мүмкіндігін бергені үшін алғыстарын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері есікіге қарсы 230-ға жуық жадынама таратты. Полиция қызметкерлерінің есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте атқарар жұмыстары сан алуан. Мәселен, Кентау қаласының полиция қызметкерлері мен “Жастар ресурстық” орталығының ерікті жастарының қатысуымен нашақорлықтың алдын алу жайында қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын ескеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мақсаты – есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарлату, психоактивтік заттарды қолдануға қарсы дағдыларды дамыту. Олар дүкендерді, тамақтану орындарын, қоғамдық орындар мен көше қиылыстарын да тыс қалдырмады. Сонымен қатар тұрғындарға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымы қандай да бір заңсыз әрекет жазасыз қалмайтындығын ескертті. Сондай-ақ, “Нашақорлық, есірткі және трамадолға жол жоқ!” тақырыбында 230 жадынама таратты.
Ал, жуырда ғана Түркістан облысының полиция департаментінде нашақорлыққа қарсы ауқымды жиын өтті. Polisia.kz мәліметінше, республика бойынша бір айға жоспарланған нашақорлыққа қарсы іс-шаралар науқанына орай, Түркістан облысы полиция департаментінің мәжіліс залында ауқымды жиналыс ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық еткен іс-шараға ПД бастығының орынбасары Қ.Сахов, өңірлік ведомствоаралық штаб отырысының мүшелері, құқық қорғау органдары мен тиісті сала басшылары, барлық аудандардың әкім орынбасарлары және жеке құрам қатысты. Күн тәртібінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы бойынша жұмыстар сараланып, талқыланды. Облыстық қоғамдық даму, денсаулық басқармасы басшылығы баяндама жасады. Есірткі қылмысына қарсы ісқимыл басқармасының бастығы А.Бурханов 2024 жылдың 4 айында атқарылған жұмыс қорытындысын мәлімдеді.
Жиналғандар облыс жастары мен балалар арасындағы есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатындағы шараның маңыздылығына тоқталды. Денсаулығы мықты, барлық жағынан дамыған ел атану жолында бірлесіп, жұмыс жасауға уағдаласты. Облыста 2024 жылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 280-ге жуық дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сатудың 18 дерегі, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдаудың 84 дерегі бар. Заңсыз айналымнан 190 келіден астам есірткі тәркіленсе, есірткіні жарнамалаған 70 ақпараттық сайт бұғатталған. Іс-шара соңында қатысушыларға нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жоспарды жүйелі іске асырып, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.