Жаңалықтар

СИРЕК ҚҰСТЫ АТҚАНҒА – 700 АЕК АЙЫППҰЛ

Ерекше қорғауға алынған құстарды заңсыз аулаушылар жауапқа тартылып, 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. – деп хабарлайды newsroom.kz

1 тамыз-31 қазан аралығында еліміздің 12 аймағында, соның ішінде Түркістанда да «Сұңқар» кең көлемді табиғатты қорғау акциясы өтеді. Басты мақсат - «Қызыл кітапқа» енген сұңқар тектес құстарды ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз аулау қызметін анықтау және оларды қорғау. Бұл туралы ресми «Қазақпарат» мәлім етті.

 «Сұңқар» кең ауқымды акциясы - Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарының және көршілес облыстардың іргелес аудандарының аумақтарында өтеді. Аталған өңірлерде сұңқар тектес құстардың мекен ететін аумақтарын қорғау жұмыстары ұйымдастырылады. Оған мекеменің 163 инспекторы, 80-ге жуық арнайы көлік, «дрон» аппараттары, түнгі көру құрылғылары қолданылады. Айта кетерлігі, қазіргі таңда мекеме тарапынан қызыл кітапқа енген аң-құстарды заңсыз аулаумен айналысатындарға қарсы арнайы жедел топ құрылды.

Ал, Түркістан облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының бас маманы Зайыр Үстеновтың айтуынша, облыс аумағында орналасқан Ақсу-Жабағылы және Қаратау қорықтарында сұңқар тектес құстар өмір сүреді. Дегенмен, соңғы жылдары аталған құстардың саны күрт азайып кеткен. Қазіргі таңда қорықтарда 100-150 жұп қана сұңқар тектес құс бар. Сала мамандары ерекше қорғауға алынған құстарды заңсыз аулаушылар жауапкершілікке тартылып, 700 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтіндігін ескертті.

Ал, бұған дейін Түркістан облысында полицейлер браконьерлерден 580 келіге жуық балық тәркілеген болатын. Polisia.kz мәліметінше, Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау тобының қызметкерлері “Уылдырық” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде, 156 құқық бұзушылықты анықтады. Браконьерлерден 580 келі балық, шамамен 1500 м балық аулау торлары, қайықтар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.   Мәселен, тәртіп сақшылары балық инспекторларымен бірлесіп, Ордабасы ауданы Арыс қаласының екі тұрғынын анықтады. Олардан қайық пен 60 келіге жуық түрлі балық тәркіленді. Балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп, барлық жағдайлар анықталуда. 

Сонымен қатар. Түркістан облысының полицейлері Бөген, Көксарай және Шардара сияқты өзендер мен су қоймаларын қараусыз қалдырған қайықтар мен балық аулау торларынан тазарту жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары Түркістан облысының тұрғындарын табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және табиғатты қорғауға шақырады.

Сондай-ақ, Түркістан облысында браконьерлер тобы құрықталды. Полиция Түркістан облысы Созақ ауданы мен Шымкент қаласы аумағында ҚР Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен құстарды заңсыз аулау, сондай-ақ дериваттарды сақтау және сатуға күдікті адамдар тобының қылмыстық әрекетін анықтап, жолын кесті. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 7 адамды ұстады. Полицияға жеткізілгендердің 4-еуі Қазақстан азаматы, ал қалған үшеуі елімізде тұруға ықтиярхаты бар Сирия азаматтары. Тінту барысында полиция олардан 382 ақбөкен мүйізін, 119 томаға, 20-дан астам құс ұстауға арналған тұзақ, 7 рация, аңшылық мылтық, 1 пневматикалық мылтық, оптикалық көру құралы, жарықтандырғыш, бинокль, шамамен 15 келіге жуық арқар еті және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Браконьерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала есептелген көлемі 1 миллиард теңгеден асады.

Сол сияқты, Түркістан облысының полицейлері уылдырық шашатын маусымдағы браконьерліктің жолын кесу мақсатында 5 сәуір мен 31 мамыр аралығында “Уылдырық” жедел-профилактикалык іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған.

Іс-шара басталғалы Созақ ауданы көлемінде өзендердің бойында заңсыз балық аулау жайттары анықталған. Оның ішінде заңмен тыйым салынатын балық аулау құралдарын қолданумен 5 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Аталған жайттарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 1-бөлігі (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша тиісті шаралар көріліп, айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары тұрғындарға балық ресурстары мен жануарларды заңсыз аулау, жойылып кету қауіпі бар өсімдіктерді жұлудың соңы заңмен жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Сондай-ақ, Түркістан облысында полиция қарт тұрғыннан арқардың мүйіздерін тәркіледі. Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 69 жастағы қарт адамды қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін ұстады. Полицейлер Бәйдібек ауданы тұрғынының үйін тінту кезінде, түрлі калибрлі 100-ге жуық патрон, 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық, белгісіз жануардың мүйіздері мен алдын ала болжам бойынша арқардың еті, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелерді тауып тәркіледі.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.