ЕСІРТКІ ЕСТЕН ТАНДЫРМАСЫН!..
Қазір есірткі қабылдап есірген азаматтар артты.
Түркістандық жас блогерлердің бірі Айтуар Міржақып біздің редакция поштасына өзінің «Есіркті естен тандырмасын!..» атты мақаласын жолдаған болатын. Ендеше соны оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз, – деп хабарлайды newsroom.kz
Қазір есірткі қабылдап есірген азаматтар артты. Соның ішінде синтетикалық есірткінің сиқырына еліткендер көбейді. Тіпті, осы зиянды заттың зардабынан «Ұлы дала баласы» Төреғали Төрәлінің өзі «тентек бала» атанып кеткен жоқ па? «Сахнаға шықпаймын» деп шу шығаратыны былай тұрсын, көшенің қақ ортасында көлігімен қоғамға қауіп төндіретінін қайтерсің?
Иә, есірткімен еліріп жүрген ессіз адамнан бәрін күтуге болады. Жастарға үлгі болуы тиіс өнер адамының өзі есірткіге қарсы ештеңе жасай алмаса... Онда, ойлану керек. Демек, нашақорлықпен күресті күшейте түсу керек деген сөз.
Бұл ретте, есірткіні кәсіп көзіне айналдырған қылмыскерлерді құрықтау үшін тиісті заң талаптарын қайта қарап, екі есе қатаңдату қажет. Әйтпесе, қас пен көздің арасында болашағымыз деп сеніп жүрген жастарымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Ойлап көріңізші, есірткіге тойып алған адамнан не қайыр, не үміт күтуге болады? Онсыз да бар жұмысты бәлсініп мемлекетке масыл болып отырғандар да жетіп артылады ғой.
Есірткінің залалы мен зардабын күнделікті жаңалықтардан көре отырып, көзіміз де үйреніп кетті. Осындайда «есірткіден гөрі шылым шеккен артық-ау» деген де ой келеді екен. Бірақ, темекі, ішімдік, есірткі, құмар ойын – бұлардың бәрі де ұрпақты аздыратын әдепсіз әдеттер екенін естен шығармаған жөн-ақ.
Тағы бір ойға оралып отырған жайт, өзіміздің Атырауда да есірткі қолданушылар мен оны өсірушілер, тасымалдаушылар мен сатушылар жетерлік. Әсіресе, қалаға қарасты Береке ықшамауданының айналасында әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Бұл туралы жергілікті блогерлер де талай бейнежазба мен тікелей эфир түсіріп, желіге таратты. Әйтсе де, одан еш нәтиже шықпағанға ұқсайды. Себебі, есірткі бизнесі әлі де гүрілдеп тұр. Бұл мәселені тұрғындар әлеуметтік желіде жиі көтеріп жүр.
Осы орайда, құқық қорғау мен құзыретті органдар бұған ерекше назар аударса екен деймін. Өйткені, олар заң тетіктерін жақсы біледі және тиімді қолдана алады. Ал, қарапайым халықтың бәрі бірдей заңгер емес екені белгілі. Олай болса, жергілікті полиция департаменті мен прокуратура өкілдерінің құлақтарына алтын сырға! Заңды белшесінен басып жүргендер болса, дереу анықтап, тез арада тезге салуды сұрар едім. Әйтпесе, нашақорлықпен күресудің басқалай амалы қалмаған сияқты.