Жаңалықтар

Жанқош Тұраров тілшілер шақырылған баспасөз мәслихатына өзі келмей адвокатын жіберіпті

Боксшы Жанқош Тұраров Алматыда журналистерді шақырып, баспасөз мәслихатына өзі келмей, адвокатын жіберген. Адвокат Жанқош Тұраров арызданушы Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген және БАҚ сұхбаттарында айтылғандай зорлық болғанын растамайтынын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz

Баспасөз мәслихатына келген адвокат Самат Мамутовтың айтуынша, “мені зорлады” деп арыз жазған Әнару Құрманәлінің өзін тексеру жөнінде полицияға өтініш түсірген. Адвокат боксшының жаттығып, жекпе-жекке дайындалып жүргенін баса айтты.

«Осы күнге дейін Жанқош Тұраров зорлық жасады деген ақпаратқа пікір айтпаған себебіміз -  сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі жасамайық деген шешім болған. Бірақ, арызданушы Әнару Құрманәлінің ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Жанқош Тұраровтың ар-намысына нұсқан келтіріп, абыройын түсіруге бағытталған әрекеттерден кейін қысқаша сұхбат берейік деген шешім қабылдадық. Арызданушы Әнару Құрманәлінің Жанқош Тұраровқа қатысты арызы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалғаны баршаңызға белгілі. Жанқош Тұраров арызданушы Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген және БАҚ сұхбаттарында айтылғандай зорлық болғанын растамайды. Бәрі жалған. Ойдан шығарылған деп есептейді. Ақиқат орын алатына сенеді», - дейді оның адвокаты.

Самат Мамутов егер Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген жайттар дәлелденбесе, онда ол көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 8 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін ескертті. Әнаруды ғана емес, оның сұхбатын жазған бұқаралық ақпарат құралдарына да «жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз» деп ескерту жасады. Бірақ, журналистердің әртүрлі сұрақтарына жауап бермей, Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201 бабына сай, тергеу жүріп жатқанда ақпаратты жария етпейміз деді. Дәл осы бапты бұзды деп санағаны үшін Жанқош Тұраров Әнару Құрманәлінің үстінен арыз түсірген.

«Бұдан басқа, арызданушы Әнару Құрманәлі ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабы бойынша «сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеймін» деп 2024 жылдың 20-тамызы күні қолхат берген болатын. Бірақ осы күнге дейін өзінің уәждерін бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат ретінде беріп, халыққа жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікірді өз пайдасына бұру мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қысым көрсететін әрекеттер жасап жүр. Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына арызданушы Құрманәліге үстінен Қылмыстық  423 бабы бойынша қылмыстық іс тіркеп, жаупақа тарту бойынша өтініш берілді. Яғни, сотқа дейінгі іс жүргізудің деректерін жария еткені үшін», - деді Мамутов. 

Еске салайық, 21 тамызда Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген ақпарат тарады. Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын хабарлады.

Кейінірек боксшының өзі тараған ақпаратқа қатысты жауап берді.

"Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар. Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын, қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім қандай жала жауып отырғанын анықтаймын", – деп жазды Instagram парақшасында ол.

Бірнеше күн бұрын "Боксшы Жанқош Тұраров зорлады" деп айып таққан қыз тілшілерге сұхбат берді. Оның сөзінше, спортшы бірнеше жыл бойы "әйелім етіп аламын" деп алдап келген. "Ал соңғы кездесу зорлықпен аяқталды" дейді. Жәбірленуші денесіндегі көгерген жарақаттарын және әлеуметтік желідегі жазбасын көрсеткен болатын.