Тазы мен төбет сиреп жойылудың аз-ақ алдында тұр
Оларды еркіндікте өсіріп қана қасиетін арттыру мүмкін болмақ
Тазы мен төбет – қазақтың байырғы ит тұқымы, ұлттық мақтаныш, халқымыздың ұлттық қазынасы. Осы бір мәдени-тарихи құндылығымыз соңғы жарты ғасырда мүлде сиреп, қазіргі уақытта жойылудың аз-ақ алдында тұр,- деп хабарлайды newsroom.kz
Мемлекет тарапынан арнайы заң қабылданып, қазақ иттерінің генетикалық бейінін жасауға, генофондын көбейтуге жол ашылғанымен, жауапты ұйымдар тарапынан жүйелі қадамдар байқалмай отыр.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданғалы бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Қазақ халқының тарихымен астасып жатқан тазы мен төбет тұқымдарының нашарлау үрдісі соңғы жылдары кәдімгідей қауіпке айналған. Асыл текті жануарлар еліміздің көптеген өңірлерінде тіпті жойылып кету алдында тұр. Былтыр шілдеден бастап елімізде қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығы жұмыс істей бастаған. Бұған қоса «Қазақстан кинологтер одағы» да қазақтың құмай тазысын көбейту міндетін алған. Алайда еліміздің кейбір мамандары құндылығымызды сақтау бағытындағы жұмыстарға қарап, қарындары ашатынын айтады.
«Қансонар» республикалық қауымдастығының бас директоры Мұрат Қабылбеков еліміздегі тазы мен төбеттің тұқымдық сапасын арттырып, ежелгі қасиетін сақтап қалу бағытындағы жұмыстар бағытынан жаңылысқанына назар аудару керегін айтады. Жануарларды көрмелердің экспонатына, жай ермекке, сән-салтанатты саятшылыққа айналдыруды мақсат еткен түрлі ұйымдар керісінше қазақ тазысы мен төбеттің сиқын бұзып бара жатыр деп есептейді.
- 2023 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат пен Мәжілістің қарауынан өткен заң жобасын қолдап, арнайы құжатты қабылдады. Президентіміз ұлттық құндылығымызға аса жанашыр екенін байқатып, оны мемлекеттік қорғауға алатынын жеткізді. Өкінішке қарай, арада бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, жануарлардың тұқымдық сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларда жүйе жоқ. Осы уақыт ішінде қандай нәтижелер көрсете алдық? Мемлекет басшысына қандай мәліметтер дайындалады? Ата-бабамыз бізге аманаттап кеткен тазы мен төбетті келешек ұрпаққа қандай күйде жеткіземіз? Өз генетикалық қасиетін қайта жаңғыртқан ақылды иттерді ме, әлде көрмелерде сән үшін пайдаланылып, борсықтың терісін көрсе, тұра шабатын салпаңбайларды ма? Қазақ тазысы деген атқа лайық жануарларды аң аулаусыз, питомникке қамап өсірген мүлде дұрыс емес. Бұл бағыттағы жобаларды біздің ұйым қолдамайды, - дейді Мұрат Қабылбеков.
Оның сөзінше, қаны таза қазақ тазысы аңның иісін алмаса бетімен шаба жөнелмейді. Соңғы жылдары жиі ұйымдастырылатын «Шырға салу» сайысында аңның құр терісін сүйретіп, соңынан тазы жүгіртіп қойғандардың қылығына таң қалмасқа шараң жоқ. Ал құр сүйретілген аң терісі ақырында тазының генетикалық сапасын жойып тынуы мүмкін. Бұған қоса иттер төбелесіне қазақ төбеттерін тықпалау үрдісі етек алып барады. Жалпы қазақ төбеті – жуас ит. Адамға тиіспейді, малға сақ. Алайда одан жауынгерлік ит жасау тіпті ойға сыймайды.
Мұрат Қизатұлы әңгімесін одан әрі жалғай түсті.
- «Қансонар» қауымдастығы ұлтымыздың жеті қазынасының бірі саналатын қазақы ит тұқымдарын қалпына келтіру және сақтау мәселесіне 10 жылдан астам уақыттан бері бастамашы болып, тұрақты айналысып келеді. Біздің тәжірибелі мүшелеріміздің барлығы, сондай-ақ тазы мен төбет өсіретін азаматтар бұл жануарларды аңшылық пен мал күзетінен айырмау керек екенін жақсы ұғынып отыр. Кейде ел ішінде өрісте жүрген малға қасқыр мен шибөрі шауып, қырып кеткені туралы ақпаратты естіп, біліп жатамыз. Бұл біздің мал өсірушілерде қазақ төбетінің өте аздығын білдірсе керек. Себебі, нағыз төбет жүрген жерінде түз тағысына мал алдырмайды. Ал оның бұл қасиеті тек қанмен ғана келмейді, күшік кезінен соған баулынғаны да мол әсер етеді. Тазы мен төбетті питомникте қамап ұстап, санын көбейтеміз десек, ол – құр далбаса. Сондықтан оларды еркіндікте өсіріп қана қасиетін арттыру мүмкін болмақ, - дейді ол.
Қауымдастық бұған дейін еліміз бойынша 200 тазының ДНҚ-сын тексеріп, олардың сапалық қасиетін көтерудің бірнеше бағытын белгілеп қойған. Мұндай жұмыс енді төбетке байланысты да жүзеге асырылып жатыр. Бұл зерттеулер иттердің селекциялық іріктелуіне, тұқымдық сапасы бойынша алға озғандарын көбейтуге мүмкіндік береді. Тазы мен төбетті генетикасы бойынша іріктеп алу бір мәселе, ал олардың ежелгі жұмыс сапаларын, интеллектуалдық ерекшеліктерін сақтап қалу одан да өзекті, яғни тазының аңшылықтағы ерекше инстинктік қасиеттерін, ал төбеттің мал қорғауға аса сақтықпен қарап, иесіне адалдық танытуы, жыртқыштарды жолатпауы, тағысын-тағы қасиеттерін жоғалтпауына лайықты жанашырлық керек. Құмай тазылар жартастағы петроглифтерде бейнеленгені тектен тек емес.
Жалпы тазымен аң аулаудың қазақ даласында аса танымал екені жайлы алғашқы мәліметтер XVIII ғасырда жиһангездер мен зерттеушілердің, соның ішінде П. Паллас, И. Фальв, И. Георги жазбаларында баяндалады. Ал ХІХ ғасырда П. Мачеварианов, М. Богданов, Л. Сабанеев, Я. Полферовтың жазбаларында да ұшырасады. Қазақтар тазымен қоян, жабайы шошқа, түлкі, елік, қасқыр, киік аулаған. Аңшылыққа көбіне жалғыз итпен шығатындықтан тазының көзі өте қырағы әрі өзі ұшқыр болуы тиіс. Бұған қоса табиғатынан иісшіл болып жаратылатыны ол бар. Қасқыр аулау үшін бірнеше тазы мен бүркітті пайдаланатыны айтылады. Қазақтар арасында тазы аса бағаланғаны сонша, кейде оның құны бірнеше жылқыға тең болған. Ал тазы тұқымының алғашқы стандарты 1925 жылы қабылданып, 1932 жылы баспасөзде жарияланған екен.
Қазақ жерінде кең таралған тазы иттердің кеңес өкіметі жылдарында санының күрт кемуіне алаңдаған ғалым А. Слудский дабыл қағып, оларды қорғауға алу қажеттігін ескерткен еді. Алайда кеңес өкіметі кезіндегі отарлаушылық саясат жергілікті жердегі елдің бет-бейнесі мен жердің экологиясына ғана зардабын тигізіп қойған жоқ, тіпті төбет пен тазының тұқымына да салқынын тигізді. Сөйтіп кеңес өкіметі жылдары оның саны азайып, ал тұқымдық қабілеті азып кетті. Қазақ тазысының заманға сай стандарттарын тек 2007 жылы Қазақстан кинологтері одағы қабылдаған. Содан бері ол бірнеше мәрте жетілдірілді.
Осы орайда өткен жылдың шілдесінде құрылып, іске кіріскен қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығына хабарласып көрдік. Ұйым басшысының орынбасары Жақып Есполаев қазіргі уақытта орталық мамандары негізінен ел бойынша тазы және төбеттің көрмелерін өткізіп, үздік тұқымдарын іріктеу үстінде екенін баяндады. Айтуынша, отандық ит мамандарының алдында тұрған негізгі мәселе - қазақтың тазысы мен төбетін әлемдік деңгейде мойындатып, Халықаралық кинология федерациясына тіркеу (FCI). FCI — кинология мен таза тұқымды ит өсіруді дамыту және қорғау мақсатында құрылған халықаралық кинология федерацияларының қауымдастығы. Бельгияның Тюен (Thuin) қаласында орналасқан. Оған 100-ге жуық мемлекеттің ұлттық кинология ұйымдары, оның ішінде Қазақстан кинологтер одағы (ҚКО) кіреді.
- Жуықта Астанада Қазақстандағы сұрыпталған тазылардың көрмесін ұйымдастырдық. Олардың біразы Қазақстан кинологтері одағының есебінде тұрса, енді бір бөлігі Балқаш, Қарағанды, Павлодар және т.б. өңірлерден жаңадан әкелініпті. Сарапшы маман Наталья Дровосекова бұл иттердің барлығын тексеріп, сараптама жасады. Оларға ататектерінің тазалығына қатысты анықтама берді. Жануарлардың қайсысының ұрпағын жалғастыру маңызды, қайсысы ерекше, соларды анықтады. Оның алдында Халықаралық кинология федерациясы өкілдері қатысқан көрмеге де 100 ит қатысып, осылайша сұрыпталған, - дейді орталық өкілі.
Орталықтың мамандары ғалымдармен, сарапшылармен, ит өсірушілермен тізе қоса отырып, қазақтың тазысын Халықаралық кинология федерациясына тіркеу бойынша жұмыстарды аяқтап қалған. Ал төбетті тіркеу сәл кешігуі мүмкін. Былтыр Экология және табиғи ресурстар министрлігі тазы мен төбеттің стандарттарын бекітті. Ол бойынша нағыз қазақ тазысының өлшемдері 24 тармақ бойынша нақты көрсетілген. Тазының тұрқы, бойы, жүнінің түсі, көзі мен құлағы, бұлшықеттері мен сүйегі, тұмсығы мен тісі, мойны, аяқтарының сипаты, тағысын тағы қасиеттері ұғынықты жазылған. Мәселен, еркегінің шоқтығы 60-70 сантиметр, ұрғашысынікі 55-65 сантиметр келеді. Жарғақ құлақ, тықыр жүн – қазақ тазысын өзгелерден ерекшелеп тұратын қасиеттер. Ұлттық орталықтың мамандары тазыны сырт пішініне қарап, стандарттарға сай келуін бақылай алады. Бірақ тазының ежелгі қасиеттерін қайта оралту – ғылымның мәселесі болуы керек деп есептейді Жақып Имаханұлы. Себебі, генетикалық қасиеттерін тек ғалымдар ғана сақтап, жетілдіре алады. Оның үстіне, қаны қаншалықты таза сақталғанына қатысты жауапты мамандар ДНҚ сараптамасын өткізіп барып қана бере алатыны да шын.
- Біздің ұйым Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Охотзоопром» мекемесінің құрылымдық бөлімшесі екенін айтып өтейін. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Көксу ауданы Айнабұлақ кентінде қазақ тазысы мен төбетінің тұқымын сақтап, көбейтуге арналған арнайы питомник салынып жатыр. Онда 200 ит (100 тазы, 100 төбет) асырауға болатын павильондар бой көтереді. Әр павильонға шамамен 20 ит орналасуы керек. Ғимараттардың іші халықаралық талапқа сай, желдеткіші, ауа бақылағышы болады. Биыл 5 павильонның құрылысы аяқталып, 60 тазы мен 40 төбет орналасуы керек. Мұнда қызметкерлерге арналған жатақхана мен асхана, әкімшілік үйі салынды. Ал орталықтың өзінде ветеринарлық клиника, күшіктеуге арналған павильон, кинологиялық жаттықтыратын алаң орналасады, - дейді Ж. Есполаев.
Питомникке орналастырылатын иттер зоолог мамандар түзетін асыл тұқымды қазақ тазыларының тізіміне сәйкес алынады.
Қазақ тазысының қасиетін жетілдіріп, оның бірнеше буынын сұрыптап өсіріп келе жатқан энтузиаст азаматтар бүгінде сирек те болса бар. Соның бірі – ақмолалық ит өсіруші, Қазақ тазысы жөніндегі халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Владимир Калашников. Владимир Николаевич таза қанды қазақ тазысын қалай көбейтіп, қасиетін сақтап қалудың жолдары туралы ой бөлісті.
- 2012 жылдан бері қазақ тазысын өсірумен шұғылданамын. Еліміз бойынша ең мықты әрі таза қанды құмай тазылар менің питомнигімде бар екенін мақтанышпен айта аламын. Соңғы 12 жылда мен бұған бар еңбегімді, қаражатымды жұмсадым. Ақбөкен және Бөкенбек атты тазы иттерінің аталық ізінен жалпы саны 240 тазы өсіріп шығардым. Оларды Ақмола, Павлодар, Қарағанды өңірлеріндегі аңшыларға таратып, құндылығымыздың сақталып қалуына түрткі болдым. Бұл іске жалпы сомасы 350 мың АҚШ долларын жұмсадым десем, сенер ме едіңіз?.. Мен энтузиаст жанмын, себебі қазақ тазысындай алғыр, көнбіс, интеллекті жоғары ит әлемде жоқ. Оған талай мәрте куә болдым. Қандай аң алмасын, иттерім өзге тұқымдағы иттер сияқты оны жұлмаламайды. Иесі жеткенше мойнынан, денесінен тістеп ұстап тұратыны – бұл итке ерекше біткен қасиет. Иіске түскеннен бастап аңды ұстағанға дейін мазасы кетеді. Қазақтың тазысы үнемі иен далада, аңшылықта жүруі керек. Ал анау көрмелерде көрсетіп жүргендерін көрдім, нағыз құмай емес. 2014 жылдан бастап «Қансонар» ұйымымен бірге тазының тұқымдық қасиетін сақтап, көбейтудің жолдары туралы бағдарлама құрдым. Ол жайында кітабым да жарық көрді. Меніңше, Қазақстан кинологтер одағы, дамытумен айналысатын ұлттық орталықтар мүлде қажет емес. Олардың қазіргі ісі – мемлекеттен бөлінетін қаражатты құр босқа шашу екенін байқап отырмыз. Тазыны ең әуелі тұқымның элитасын өсіріп отырғандардан алу керек. Одан соң өсіріп, тарататын питомниктерге беру керек. Тазыларға әрдайым еркіндік қажет. Бір орында отырмайды, үнемі қозғалыста болады. Күзетші ретінде тіпті тиімсіз, табиғатынан адамға агрессиясы жоқ. Бейтаныс адамды көргенде тек сақтық танытып, жанына жақындамайды. Тазының күшігі алты айдан бастап аң аулауға дайындала бастайды. Дегенмен олар өз бетінше көп нәрсені үйренеді. Олар сағатына 80 километрмен жүгіргенде өз олжасын жібермейді. Нағыз тазы 3-5 шақырымға жүгіргенде сағатына 60-65 километр жылдамдықтан бір ауытқымайды. Мұндай шабысқа өзге иттердің ілесе алмайтыны айқын. Ал қасқырға салу мәселесімен аса келісе алмаймын. Себебі қасқырдың салмағы 70 келі, сүйегі төрт есе ірі, бір күнде 50-70 шақырымды жүріп өтетін өте төзімді дала тағысы ғой. Сондықтан тазыны тиісінше қоян, қарсақ, борсық, түлкі сияқты өз тұрқынан кішірек аңдарға салған әбден дұрыс, - деп тәжірибесімен бөлісті ит өсіруші.
Бұған қоса ол қазіргі уақытта Ақмола өңірінде туристік орталық құрып, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттайтын этноауыл жасауды ойға алып отырғанын айтады. Жас ұрпақты жануарларға қамқорлықпен қарауды үйретуге де барын салып жүр. Баланы жастайынан ит асырауға үйрету, тәрбиелеу керек деп есептейді.
Қазақта «Ит – үйдің ырысы» деген сөз бар. Дәстүрлі ұғым бойынша адам басына қонған құт пен шаңыраққа келген бақ көбінесе ит бейнесінде келеді екен. Тазы мен төбеттің адам ырыздығының сақшысы, сақтаушысы екендігі халқымыздың аңыз әңгімелерінде жиі айтылады. Ендеше қолда бар құндылығымызды заманға сай сақтап, дамытудың орайы келіп тұр. Хайуанның қазақ даласында өмір сүрген көшпелілерден қалған жұрнақ екенін әлем мойындап жатса, ол да зор қуаныш.