Жаңалықтар

Теміртаудағы Qarmet металлургия комбинатында екі жұмысшы биіктен құлап көз жұмды

Қаза тапқан Д. Иманғалиев 19 жаста, Ю.Самойлов 38 жаста болған

Qarmet металлургиялық комбинатында екі адам қаза тапты,- деп хабарлайды newsroom.kz

Компанияның хабарлауынша, 25 тамызда Теміртаудағы "Qarmet" АҚ нысанында ЛПЦ-2 (№2 листопрокат цехы) қайғылы оқиға орын болған. Таңғы сағат 9:20 шамасында химиялық ұстау блогы (ХҰБ) ғимаратының шатырын бөлшектеу жұмыстарын орындау кезінде техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан "Қазмеханомонтаж" ЖШС мердігерлік ұйымының екі жұмысшысы биіктен құлап кеткен.

Екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмған.

"Qarmet" компаниясы қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларына жан-жақты тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлайды.

Қаза тапқан Д. Иманғалиев 19 жаста, Ю.Самойлов 38 жаста болған.

Сонымен қатар, компания өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бағыт алып, өз нысандарында қызметкерлерінен де, мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінен де барлық қауіпсіздік нормалары мен ережелерін мүлтіксіз сақтауды талап етпек.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың қазан айында "АрселорМиттал Теміртау" кенішіндегі апат елдің тау-кен тарихындағы ең ірі апат болды. Апат болған кезде шахтада 252 адам болған, 208 кеншіні құтқарушылар жер бетіне алып шыққан, 46 адам қаза тапты.

Бұған дейін 2006 жылы Ленин атындағы шахтада болған апаттан 41 кенші жер астында қалды.