Жаңалықтар

БҚО-дағы жантүршігерлік жол апаты: төрт адам қаза тапты

24 тамызда Батыс Қазақстан облысында жол апаты болып, салдарынан полицей мен оның әйелі көз жұмды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 тамыз күні сағат 08.20-да Чапаево –Жалпақтал – Казталовка тасжолында Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының маңында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болған.

"ГАЗ-3102" автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегінде тұрған "КамАЗ" көлігімен соқтығысқаны анықталды. Салдарынан төрт адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды. Олардың ішінде екеуі – кәмелетке толмағандар", - деп мәлімдеді БҚО полиция департаментінің өкілдері.

Қазір бұл жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Жол-көлік апаты кезінде "ГАЗ-3102" автокөлігінің жолаушылары болған полиция қызметкері мен оның әйелі қаза тапты. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қаза болғандардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Полицейлер жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады", - делінген ведомство хабарламасында.