Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экоакциялар өткізілді
Қалада бір реттік қоқыс көлемін азайту үшін «Эко-коинды кофеге айырбаста» бағдарламасы басталды
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Алматыда қала тұрғындары арасында экологиялық ахуалды жақсарту және экологиялық мәдениетті арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Экологиялық іс-шаралар Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасын, Полиция департаментін, бизнес және қоғам өкілдерін біріктірді,- деп хабарлайды newsroom.kz
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстың басты бағытының бірі ірі көлемді қоқыстарды шығару ережесі бойынша түсіндіру науқаны. «Алматы қаласының аумағын абаттандыру ережесін» сақтау мақсатында ірі көлемді қоқыстарды сақтау орындарында - ҚТҚ жинау жөніндегі контейнерлік алаңдардың жанында қосымша бейнебақылау камералары орнатылды. Басқарма мен полицияның бірлесіп бұзушылықтарды анықтау бойынша рейд жүргізілді, қоқыс шығаруды бақылау күшейтілді.
Ескі жиһаздарды, тұрмыстық техниканы және құрылыс қалдықтарын контейнерлік алаңдарда сақтау қала үшін өзекті мәселе болып отыр. Ақпараттық роликтерде тұрғындарға қоқыс шығаратын көліктер үлкен қоқыс тасымалдауға арналмағандықтан, машиналардың бұзылуына әкелуі мүмкін екені айтылады.
«Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына» сәйкес тұрғындар мен заңды тұлғалар құрылыс және ірі көлемді қалдықтарды арнайы орындарға - қоқыс полигондарына өздері шығаруға міндетті. Бұл ережені бұзғаны үшін айыппұл салынады, оның мөлшері бұзушының санатына (жеке және заңды тұлғалар) байланысты 20-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгереді.
Бағдарламаның маңызды аспектісі қаланың көрнекі ортасын жақсарту. Алматыда республикалық және жергілікті маңызы бар 56 тарих және мәдениет ескерткішін жарықтандыру бойынша жұмыстар орындалды.
«Алматы Қала Жарық» МКК бас инженері Әлімұхамед Жалпақов «жұмыс қосымша бюджет қаржысын тартпай, қолда бар ресурстар есебінен жүргізілгенін» атап өтті. Түнгі уақытта жарықтандыру қала тұрғындары мен қонақтарына кешкі уақытта көпшіліктің ескерткіштердің көрінісін тамашалауға мүмкіндік береді.
Қалада бір реттік қоқыс көлемін азайту үшін «Эко-коинды кофеге айырбаста» бағдарламасы басталды. Алматы қаласының эко-хабы әзірлеген бастама кофеханаларда қайта пайдалануға болатын стақандарды қолдануды ынталандырады. Қайта пайдалануға болатын ыдыспен келіп сатып алынған әрбір сусын үшін келушілер 100 теңгеге балама эко-коин алады. Бұл қаражатты экологиялық экотауарларды сатып алуға және шеберлік дәрістеріне қатысуға жұмсауға болады.
«Жақында акцияға кофеханалардың басқа да ірі желілері қатысады деп үміттенеміз және бұл бастама қоршаған ортаны сақтау үшін бір реттік ыдысты қолданудан бас тарту сынды Алматының жаңа дәстүріне айналады», - деді Эко-хаб пен «Eco Network» ЖШС негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.
Жоба қазірдің өзінде қаланың бірнеше кофеханасында, соның ішінде «Неделька» желісінде қолға алынып, ауқымы кеңейіп келеді. Акцияға қала тұрғындарының танымал демалыс орны Горельниктегі «Апа Катя» кафесі де қосылды. Бастама экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға және бір реттік ыдыстарды пайдалануды азайтуға бағытталған.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы эко-хабында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған шеберлік дәрістері өтті. 30-дан астам қатысушы қайта өңделген материалдан экологиялық қолөнер жасады, экологиялық мәдениеттің негіздерін зерттеді және экологиялық сөмкелерді бояуға қатысты. Іс-шара балалардың әлеуметтік өзара іс-қимылы мен шығармашылық дамуына, сондай-ақ саналы түрде тұтыну дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
«Ұлым екеуміз алғаш рет экохабтағы шеберлік дәрісіне қатыстық, мен ұйымдастырушыларға осы пайдалы іс-шара үшін алғыс айтамын! Ол қайта өңделген материалдардан қолөнер бұйымдары мен эко-коиндар жасап, шопперді бояды, ал ойын формасының арқасында сабақтар қолжетімді әрі қызықты өтті. Баламыздың дамып, жаңа нәрсені үйреніп жатқанына қуаныштымыз. Осы құнды тәжірибе үшін рахмет айтамын!», - деді қала тұрғыны Наталья.
Бұл бастамалар Алматы тұрғындары арасында қоршаған ортаны сақтау мен экологиялық жауапкершілікті дамытудың маңыздылығын көрсетеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасының арқасында шаһар таза әрі әсем қала атанып, қатысушыларды көптеп тартып отыр.