Қостанайда жеке деректерді алуға бағдарлама таратқан тұрғын сотталды
Зиянды бағдарлама интернет пайдаланушылардың жеке деректерін алуға мүмкіндік берді
Қостанай облысының тұрғыны интернетте зиянды бағдарлама таратқаны үшін сотталды, – деп хабарлайды newsroom.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қостанай облысы бойынша ҰҚКД және ПД облыстық прокуратураның үйлестіруімен интернет желісінде зиянды бағдарламаны (вирустарды) таратумен айналысқан 24 жастағы жергілікті тұрғынның құқыққа қайшы әрекеті тоқтатылды.
Зиянды бағдарлама интернет пайдаланушылардың жеке деректерін (логиндер, парольдер, IP-мекенжайлар) алуға мүмкіндік берді. Оларды интернет-алаяқтар қылмыстық жолмен пайда табу үшін қолдана алады.
Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу материалдары қаскүнемнің заңсыз түрде зиянды бағдарламалар жасауға үйрету бойынша өз қызметтерін сатқанын куәландырады.
Айта кетелік, Nº2 сот үкімімен ол ҚР ҚК-нің 210-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге, 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке және 15 АЕК (55380 теңге) айыппұл салуға, барлық компьютерлік техниканы алып қоюға үкім шығарылды. Үкім заңды күшіне енді.