Алматыда 9 жекеменшік балабақша құрылтайшысы қамауға алынды
Бұл туралы Қонаев қаласында өткен тамыз кеңесінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етт
Алматы облысы Іле ауданындағы 9 жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары қамауға алынды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Qaz365.kz- ке сілтеме жасап.
Бір айдың ішінде 29 жекеменшік балабақша жабылып, мемлекетке 729,0 млн шығын келтіргені үшін тағы да бірнеше құрылтайшылардың үстерінен іс қозғалуда.
Бұл туралы Қонаев қаласында өткен тамыз кеңесінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті.
«Түсіндіре кетсем, мұнда жекеменшік балабақшалар кәсіпкерлік субъектілерге тексеріс жүргізуге салынған мораторийді пайдаланып, мемлекеттік тапсырыс негізінде бөлінген қаржыны жымқырған. Осы тұста бүгінгі тамыз кеңесінде көтеріліп отырған - білім беру жүйесіне сандық технологияларды енгізу өте орынды және қажетті іс. Сандық технология көп жағдайда білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізері сөзсіз. Бүгінгі күні цифрлық технологиялар басқармасы арқылы аталған жағдайлардың алдын алу, жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында барлық балабақшаларға меншік түріне қарамастан «биометрия» автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Мұнда әр баланың балабақшаға келуі жекелей QR код арқылы табельге енгізіліп, есебі жүріп отырады», - деді өңір басшысы.
Жекеменшік балалақшалардағы келесі проблема – тәрбиеші педагогтардың білімі мен біліктілігінің төмендігі. Қазіргі кезде жалпы республика бойынша жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілер мен кіші қызметкерлердің өз ісіне жауапкершілігінің төмендігі, психологиялық тұрақсыздығы салдарынан балаларға қатысты түрлі жағдайлар орын алуда.
Өңір басшысы жекеменшік балабақшаларға педагогтардың білімі мен жауапкершіліктерін көтеру бағытындағы жұмыстарды жүргізуді тапсырғанын айтты.
«Бүгінгі тамыз кеңесінде облысымыздың білім саласындағы өзекті проблемалар көтеріліп, жалпы білім саласының дамуымен таныстыңыздар.
Білім беру өте күрделі жүйе екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Саладағы проблемалар нақты жұмыстар арқылы шешімін табады. Осы тұста педагогтар құзыреттілігінің жоғары болуы аса маңызды. Оқушы да, ата-ана да, мемлекет те Сіздерге болашағын тапсырып, зор үміт күтеді. Сондықтан баршаңызды өнімді, нәтижелі еңбек етуге шақырамын», - деді.