Ләйлә Сұлтанқызының ұшақта қабағы жарылды
Мен FlyArystan компаниясының үстінен арыз жаздым,-деді ол
FlyArystan әуе компаниясының жауапсыздығына қатысты шағымдар толастар емес. Бұл жолы белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы компанияның үстінен арыз жазды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
«Мен FlyArystan компаниясының үстінен арыз жаздым! Бүгін кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім. Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, отырған маған құлады.Сөйтіп, көзімнің тұсын жырып, қабағым жарылды. Бұл FlyArystan әуе компаниясының қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан орын алған жағдай. Бордсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым! Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын, не салфетка жоқ. Меніңше, орнымда бала, қарт адам отырып, басы жарылса, қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық! Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты, алғашқы көмек көрсетуге міндетті», - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Айта кетейік, бұған дейін егіз қыз басқа балалармен бірге Орал қаласына ұшпақшы болған оралдық Жазира Мусина компанияны сотқа беретінін жеткізген. Өйткені FlyArystan ұшақтарды ауыстырғанда, 12 жастағы бір қызға орын жетпей қалған. Бұл оқиға резонанс тудырған соң, FlyArystan әуекомпаниясының басшысы Ричард Леджер өзі барып, кешірім сұраған еді.
Сондай-ақ шымкенттік белсенді Олжас Мамырдың да осы компанияға қатысты шағымын жазған едік.