Тоқаев Астана қаласының әкіміне бірқатар тапсырма берді
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қаладағы барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қаладағы барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Инвестиция көлемі 632 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық. Өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім, көлік және логистика салаларындағы жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Президентке мектеп, қолжетімді баспана, медициналық орталықтар құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру мәселелері жөнінде баяндалды. Биыл 20-дан астам мектеп пен 4500 орындық 6 студенттік жатақхана салынады. Бұдан бөлек елордада 170 аула мен қоғамдық орын, атап айтқанда саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар абаттандырылып, 70-ке жуық көше жөнделеді.