Sportroom

Олимпиаданың күміс жүлде иегері Демеу Жадыраев елге оралды

Демеу Жадыраевты  Алматы әуежайында жақындары мен жанкүйерлері күтіп алды

Бүгін, 10 тамызда грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлде иегері Демеу Жадыраев елге оралды,-деп хабарлайды newsroom.kz

Демеу Жадыраевты  Алматы әуежайында жақындары мен жанкүйерлері, БАҚ өкілдері, спорт ардагерлері, Қорғаныс министрлігіне қарасты орталық спорт клубының өкілдері ыстық ықыласпен күтіп алды. Жиналған көпшілік спортшыны жеңісімен құттықтап, тілек білдірді.

Айта кетелік, Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалында жапон балуаны Нао Кусакамен бозкілемде күрескен еді. Олимпиада алтынына таласта Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медальді қанжығасына байлады

Қазақстандық балуан  Париж Олимпиадасындағы  алғашқы белдесуінде колумбиялық Джейр Куэроны жеңді. Кейін ол ширек финалда қырғызстандық Ақжол Махмудовтан (2022, 2023 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері), жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлейменовтан (2021, 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) басым түсті.

Демеу Жадыраев Жамбыл облысы  Панфилов ауданы Үшарал ауылының тумасы. Қазақстандық балуан 12 жасынан бастап күреспен айналысқан.   

Айта кетелік, Демеу Жадыраев 2015 жылы 66 келіге дейінгі санаттағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ, 2017 жылғы әлем чемпионатының 71 келіге дейінгі санаттағы күміс жүлдегері.