Париж-2024: бүгін жарыс жолына қай спортшыларымыз шығады
Бокстан 80 келі салмақ дәрежесінің финалында Нұрбек Оралбай украиналық Олександр Хижнякпен қолғап түйістіреді
Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының кезекті жарыс күнінде жеті қазақстандық спортшы өнер көрсетеді,-деп хабарлайды newsroom.kz
Олимпиада ойындарының кезекті жарыс күнінде грек-рим күресінің балуандары арасынан Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) іріктеу белдесуінде бақ сынайды. Нұрсұлтанның алғашқы қарсыласы - мысырлық балуан Мохамед Метвалли.
Сондай-ақ, грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесінің финалында Демеу Жадыраев жапониялық Нао Кусакамен белдеседі. Тікелей эфир сағат 21:10-да «Qazaqstan» арнасында көрсетіледі.
Байдарка мен каноэде ескек есуден ерлер арасындағы жекелей сында Бекарыс Раматулла мен Сергей Емельянов шығады.
Қазақстандық таеквондошылар Олимпиада ойындарындағы жарысты бүгін бастайды. Таеквондо спортынан ел намысын 58 келі салмақта Самирхон Абабакиров қорғайды. Велотректен Андрей Чугай жарыс жолына шығады.
Бокстан 80 келі салмақ дәрежесінің финалында Нұрбек Оралбай украиналық Олександр Хижнякпен қолғап түйістіреді.