Шымкентте 21 және 15 жастағы әпкелі-сіңлі өздеріне қол салып, ауруханаға түсіпті
Олар зорлық-зомбылықтың құрбаны болған
Шымкент ауруханасының қызметкері ауруханаға өзіне суицид жасаған екі қыздың түскенін мәлімдеді. Сөзінше, олар зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Қылмыскерлердің ішінде полиция қызметкері бар көрінеді,-деп хабарлайды newsroom.kz
НеМолчи қорының хабарлауынша, 30 шілдеде 21 және 15 жастағы әпкелі-сіңлілер Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының токсикология бөліміне түскен. Ауруханадағы қызметкердің сөзінше, олар өздеріне қол салмақ болыпты.
“Қыздарды зорлап, видеоға түсірген екен. Біреуге айтса, видеоны таратамыз деп қорқытқан. Қаскөйлердің ішінде полицей де бар. Қыздар арыз жазды және олармен психолог жұмыс істеп жатыр. Олар әлі ауруханада жатыр”, – делінген хатта.
Деректерге сүйенсек, қылмыстық әрекет осыдан 4 ай бұрын болған. Оқиға қайталанатын болған соң бойжеткендер өздеріне қол салған.
Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі бұл іске күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің бұрынғы бақылаушысы екенін хабарлаймыз", – деп хабарлады полиция.