Қазақ кино өнерінің саңлағы Шәкен Айманов жайында не білеміз?
«Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты
Қазақтың әйгілі актері, белгілі режиссер, халық әртісі Шәкен Аймановтың өмірі және еңбегі жайында айтамыз,-деп хабарлайды newsroom.kz
Өнер иесі 1914 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өсіпті. Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түсіп, талантымен көзге түскен Айманов Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылған.
Деректерге сүйкенсек, ол алғашында бірқатар рөлдерді ойнады. Көп ұзамай классикалық пьесалар бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді шебер орындауымен көпшілік көзіне түседі. Әсіресе оның орындауындағы Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырды. Айманов актерлік өнерімен қатар режиссерлік шығармашылықпен де айналысып, спектакльдер қояды.
Бертін келе, 1951-де Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болған. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968). Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді.
Кино сыншыларының айтуынша, Аймановтың актер ретінде алдымен кейіпкерінің жан дүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды әрекет қимылдар жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік идеялық мазмұнын дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой толғам жасауға айрықша мән бере білетін дарынды суреткер.
"Шәкен Кенжетайұлының шығармашылығын көпжанрлы деп айтуға негіз бар. Режиссер ретінде ол бір-біріне ұқсай бермейтін фильмдер түсірді. "Махаббат туралы аңыз" деген фольклорлық, "Дала қызы" деген тарихи-драмалық, "Тақиялы періште", "Біздің сүйікті дәрігер" сынды музыкалық фильмдері бар. Ал "Атамекен" атты туындысының жанрын дөп басып айту қиын. Себебі, бір жағынан соғыс тақырыбын көтереді, екінші жағынан пәлсапалық ой салады. Соңғы фильмі "Атаманның ақыры" тарихи-революциялық туынды", — деді кинотанушы Бауыржан Нөгербек.
Актердің жеке өміріне келер болсақ, Айманов бірінші әйелінің әпкесіне ғашық болған деген деректер бар.
Шәкен Айманов белгілі биші Шара Жиенқұлованың сіңілісі Хадишаға үйленіп, одан Мұрат есімді бір ұл сүйген. Кейбір деректе режиссердің бастапқыда бишінің сіңілісіне емес, өзіне ғашық болғаны туралы жазылған. Хадишаның бірінші некесінен сүйген қызы Майраны да бауырына басып, туған қызындай көрген. Ал күйеу баласы Асанәлі Әшімов болды.
"Майра Шәкеңе келгенде еркін еді. Кейде "Дядя Шәкен", "папа", енді бірде "Шәкен Кенжетаевич" деп айтатын. Шәкең қандай да бір мәселе болмасын Майрамен ақылдасатын. Халық қадірлеген Шәкеңнен ұрпақ қалмады. Ұлы Мұраттан бір ғана қыз бар. Әрине, қазақ жиенді ұрпаққа санай бермейді. Дегенмен, ол кісі Майра екеуіміздің ұлымыз Мәди мен Сағиды "нағыз ұрпағым" деп білетін", — дейді естеліктерінің бірінде Асанәлі Әшімов.
Шәкен Айманов шығармашылықтан бөлек, саясаттан да құралақан емес еді. 1940 жылдан бастап Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 4-ші және 7-ші жиналысында депутат болып сайланды. 1947 жылы оған Қазақ ССР Халық әртісі, 1959 жылы КСРО Халық әртісіі атағы берілді. Екі мәрте мемлекеттік Қазақ ССР сыйлығы беріліп, "Абай" спектаклінің қойылымына КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Бұдан өзге оған 2007 жылы "Экран шебері" атағы табысталды.
Шәкен Аймановтың өз дауысы
Бүгінде Алматыда орналасқан "Қазақфильм" киностудиясына Шәкен Аймановтың аты берілген. Ішінде режиссерге арналған музей ашылып, ескерткіш бюст орнатылған. Сондай-ақ, Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр ашылған.