Жаңалықтар

«AMANAT» партиясының дәстүрлі байқауы бастау алды

«AMANAT» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғанын жариялады. Биыл әдеби конкурс көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында өтеді,-деп хабарлайды newsroom.kz

Айта кетелік, Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ұлы Дала» республикалық шығармашылық байқауы осымен бесінші мәрте ұйымдастырылуда.

Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды паш ететін, креативті идеяларға ие жас қаламгерлерге, отандық авторларға қолдау көрсету және шығармаларын насихаттау.

Сонымен қатар, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларындағы тағылымды ойлар мен ескірмес образдарды өскелең ұрпаққа дәріптеу.

Сондай-ақ, үміткерлер​:«Проза»,«Поэзия»«Драматургия»,«Әдеби сын» және «Балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша қатыса алады.

Айта кетелік, байқауда «Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылған. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлері І.Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Үш бәйтерек» арнайы жүлдесі тағайындалып отыр.

Әр номинацияның жүлде қоры : бірінші орын – 1 000 000 теңге, екінші  орын – 750 000 теңге, үшінші орын – 500 000 теңге.

Арнайы жүлде жеңімпаздарына 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталады.

Қатысушыларға қойылатын барлық талап пен байқау шарты белгіленген ереже мәтіні бүгін БАҚ-тарда, партияның ресми сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.

Ережеге сай еліміздің барлық өңіріндегі партияның аймақтық филиалдарында ұйымдастыру комитеттері құрылды. Әрбір аймақтық ұйымдастыру комитеттерінде байқауға қатысушылардан шығармаларды қабылдап алатын арнайы электронды мекенжайлар ашылды.

Осыған орай, келіп түскен шығармаларды аймақтардағы ұйымдастыру комитеттері ереженің талаптарына сәйкес тексеріп, партияның Орталық аппаратында құрылған Республикалық ұйымдастыру комитетіне жолдайды.

Өз кезегінде аймақтардан келіп түскен шығармаларды Республикалық ұйымдастыру комитеті тексерістен өткізіп, арнайы бүркеншік есіммен aikyn.kz сайтынан ашылған «Ұлы дала» байқауы айдарында күнделікті жариялап отырады. Қызығушылық танытқан кез келген оқырман шығармалармен сол жерден таныса алады.

Еске сала кетейік, байқауға 20-45 жас аралығындағы авторлар қатыса алады. Шығармалар 1 тамыздан 30 қазанға дейін қабылданады.

Сондай-ақ, келіп түскен жұмыстарды байқау комиссиясы 1-15 қараша аралығында қарайды. Байқау нәтижесі «Тәуелсіздік күні» қарсаңында қорытындыланып, салтанатты марапаттау шарасы Астана қаласында өтеді.