Аймақтар

Дархан Сатыбалды қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтінішін тыңдады

Облыс әкімінің орынбасарлары да «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрақты түрде қабылдау өткізіп тұрады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Азаматтардың мәселесін тыңдап, жауапты сала басшыларымен бірге оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Өңір басшысы көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді,-деп хабарлайды newsroom.kz

– Жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты, өмір жағдайының жақсы болуы – біздің де қалауымыз. Облыс экономикасын дамытуда жергілікті тұрғындардың ұсыныстары маңызды. Айтылған өтініштер мен ұсыныстар хаттамаға енгіліп, заң аясында шешімін табады, – деді Дархан Амангелдіұлы. 

Қабылдауға келген азаматтар сан түрлі мәселе көтерді. Басым бөлігі жайылым және суармалы жер, әлеуметтік түйіткілдерді ортаға салды. Бірқатары сол мезетте шешімін тапты. 

Ордабасыдан келген азамат «Ақбастау» жалпы білім беру мектебі және Аққойлы медициналық бекеті бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жайылым жер және ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізуге жер алуға ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе бойынша өңір басшысы іс бастаймын деген азаматтарға қолдау болатынын жеткізіп, жоба ұсынуды тапсырды. Отырарлық тұрғын Талапты ауылына спорт алаңшасын салу туралы ұсынысын жеткізді. Өтініш иесіне облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен бой көтеріп жатқандығы айтылды. Тағы бір азамат Бөген ауылындағы суармалы жер жайын айтып, каналдарды мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсынысын жеткізді. Дархан Сатыбалды аудан әкіміне негізгі және қосымша каналдарды мемлекет меншігіне қайтаруды және оларды «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді. 

Сонымен қатар жеке қабылдауда білім ұяларын күрделі жөндеуден өткізу, аяқжол салу, ойын алаңшасын орнату, денсаулық сақтау саласындағы және коммуналдық мәселелер қозғалды. 

Айта кетейік, облыс әкімі кестеге сәйкес аудан, қалалардың тұрғындармен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп келеді. Облыс әкімінің орынбасарлары да «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрақты түрде қабылдау өткізіп тұрады. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі