Жыл басынан бері Қазақстан театрларына 1,5 миллионнан астам көрермен келді
Бүгінде Қазақстанда 57 мемлекеттік театр тіркелген. Жыл басынан бері шығармашылық ұжымдар 7 457 спектакль сахналап, оған 1 501 418 көрермен келді,-деп хабарлайды newsroom.kz
Театрлар жыл сайын көрерменге ауқымды бағдарлама ұсынады. Оның ішінде тек халық ықыласына бөленген қойылымдар ғана емес, жаңа қойылымдар да бар. Мәселен, 2024 жылдың басынан бері 170 премьера сахналанған.
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрына осы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 70 мыңнан астам көрермен келген.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының келген көрермен саны – 64 291.
Жарты жыл ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 50 мыңнан астам көрермен жинады. Театр 90-шы мерейтойлық маусымын Х. Левенсхольдтың «Сильфид» романтикалық балетінің жаңа қойылымымен аяқтады.
Биыл Ақмола облыстық орыс драма театры ең көп премьера қойып, көрермен назарына 10 жаңа қойылым ұсынған.
Жарты жыл ішінде театр әртістері 218 гастрольдік сапарға шыққан. Оның 201-і ел ішінде, 17-сі шет мемлекеттерде болды. Мемлекеттік театрлар ұжымдары Корея, Түркия, Франция, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты елдердің сахнасында өнер көрсетті.