Жаңалықтар

Шымкенттік әйел күйеуіне бір бүйрегін берді

Жұбайым донор болды

Шымкентте №1 қалалық клиникалық аурухана базасында 221-ші бүйрек трансплантациясы өтті. Науқастар ерлі-зайыпты. Донор – әйелі, ал күйеуі – реципиент,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы  Qaz365.kz  сайтына сілтеме жасап.

Ер кісі 1 жылдан бері созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұрған. Гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Дәрігерлер ағза алмастыру отасы кезінде 1975 жылғы ер азаматқа әйелінің бүйрегін хирургиялық жолмен салып берді. Медицина қызметкерлері ерлі – зайыптыларға жасалған отаның сәтті өткенін, екі пациенттің де жағдайы жақсы екенін айтты. Науқастар үйіне шығарылды.

«№1 қалалық клиникалық ауруханада кезекті бүйрек трансплантациясы отасы өтті. Операция тірі донорда жасалды. Ол рецепиенттің әйелі. Науқас 1 жылдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Отадан кейін «жасанды бүйрек» қызметі қажет болмайды. Науқастың өмір сүру сапасы жақсарады деп күтілуде», – деді хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байтеміров.     
 

Күрделі отаны бастан өткерген науқас дер кезінде әрекет етіп, өзін ажалдан арашалап қалған ақ халаттыларға алғысын білдірді.

«Бір жыл бойы гемодиализде жүрдім. Осы №1 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек ауыстыру отасын жасады. Жұбайым донор болды. Құдайға шүкір, қазір жағдайым жақсы. Бірер күнде үйге шығамын. Дәрігерлерге көп рақмет», – деді реципиент Ерлан Асқаров.