Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу ретін барынша ыңғайлы қылу үшін ХҚКО ғимаратынан тыс жерде өз бетінше қызмет алуға болатын 600-ге жуық egov бұрышы жұмыс істейді.
Таяу арада тағы 400 бұрыш ашу жоспарланған. Онда компьютері немесе интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ қазақстандықтар электрондық үкімет порталында қолжетімді қызметтерді өздігінен ала алады. Бұрыштар облыс әкімдіктері, оқу орындары, медициналық ұйымдар, сауда және ойын-сауық орталықтарының ғимараттарында орналасқан, Азаматтарға арналған үкімет мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, коронавирус инфекциясының қауіпі сейілмегендіктен, оның ХҚКО-да таралмауына ерекше назар аударған жөн.
«Сондықтан біз халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында азаматтардың жиналуын болдырмау және вирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік беретін бірқатар нақты шараларды қабылдадық. Енді қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарында онлайн түрде қолжетімсіз «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтер мен онлайн рәсімделген өтініштердің дайын нәтижесін ала алады. Бұл ретте, ХҚО-ға баратын уақыт аралығын алдын ала брондау қажет. Қазақстандықтар электронды қызметтерді өз бетінше үйде, кеңседе немесе өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады», – деді Балташева.
Сонымен қатар ол аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалалардағы ХҚКО ғимараттарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының бұрынғыдай жұмыс істейтінін айтып өтті. Ауылдық округтерде электрондық қызметтерді жергілікті әкімдіктер ғимаратында орналасқан egov бұрыштарында өз бетінше алуға болады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта egov.kz порталындағы виртуалды көмекшінің көмегімен электрондық цифрлық қолтаңбаны алуға және азаматтардың мобильді базасында тіркелуге болады. Егер портал қызметі бойынша сұрақтар туындайтын болса, қызмет алушы 1414 байланыс орталығына қоңырау шалып, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің кеңесін ала алады.
Айта кетейік, азаматтардың келесі үш санаты зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында бұрынғыдай ала алады. Олар да кезек уақытын алдан ала брондауы тиіс.