Жаңалықтар

“Қазақфильм” қызметкерлері еңбекақы алмай жүргендеріне бір жыл болғанын айтты

Киностудияның 50 шақты қызметкері айлықсыз қалған

Аниматор мамандар киностудия басшысы Азамат Сатыбалдыдан соңғы бірнеше жылғы еңбегінің ақысын талап етіп отыр,-деп хабарлайды newsroom.kz

“Қазақфильм” аниматорлары кейінгі жылдары “Алтын адам” толықметражды анимациялық фильмін түсірді. Таспа дайын болғанымен тапсырыс беруші жұмысты қабылдамаған. Салдарынан киностудияның 50 шақты қызметкері айлықсыз қалған.

Басшылық шығармашылық топты жалақысынан айырып қана қоймай, анимация бөлімін жауып, қызметкерлерді жұмыстан күштеп шығарып жіберген.

Айлықсыз қалған қызметкерлердің бірі былтыр тамыз айынан бері суретшілер мен аниматорлардан құралған шығармашылық топтың айлықсыз жүргенін айтады.

“Бәрі заңды, келісімшартпен жұмыс істесек те, еңбекақымыз төленбей жатыр. Бірақ компания қызметкерлерге айлығын уақытылы беріп жүргендей салық төлейді. Сол себепті олардың мемлекет алдында ешқандай қарызы жоқ”, – дейді Жанәділ Байдарбеков.

Шығармашылық топ жұмыстың қабылданбағанына қызметкерлердің қатысы жоқ деп санайды. Айтуынша, пилоттық жоба сапалы, сәтті шыққан.

Анимация бөлімінің редакторы Ерлан Төлеутай компания қызметкерлерге 500 миллион теңгеден астам жалақы қарыз. Басшылық таспаның авторлық құқығын беріп, жобаны прокатқа шығару керек екенін айтқан.

“Фильм әлі дайын емес, бұл – пилоттық жоба. Кеше бәрімізді жұмыстан қуып шығып, кабинеттерді мөрлеп қойды”, – дейді ол.

 "Қазақфильм" басшылығы аниматорларға айлықтан бөлек қаламақы төлену керек екенін айтты.

"Шығармашылық топқа тұрақты түрде жалақы төленді. Бірақ қосымша төлемақы бере алмаймыз. Өйткені тапсырыс беруші фильмнен бас тартты. Қазір бізде сот процесі жүріп жатыр", — деді “Қазақфильмнің” вице-президенті Айдар Омаров.