Қазақстандық жиһаз өнімдері шетел нарығын бағындырып жатыр
Компания жиһаздары Еуропаның озық жабдықтарынан жасалады
2024 жылдың І тоқсанында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдауына ие болған компаниялардың бірі – «TROYA» ЖШС,-деп хабарлайды newsroom.kz
2011 жылы Павлодарда негізі қаланған кәсіпорын жиһаз өндірумен айналысады. TROYA кейінгі жылдары мектеп, зертхана және кеңсе жиһаздарына басымдық беріп, заманауи технологияларды шебер қолдана бастады. Олардың әрқайсы патенттелген және авторлық құқығы бар.
Компания жиһаздары Еуропаның озық жабдықтарынан жасалады. Отандық өндірушіжиһаз бұйымдарының эргономикалық дизайнын әзірлеуде өз ресурстарын пайдаланып жүр.
Кәсіпорын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдауымен жаңа нарықтарға бет алып, өндіріс көлемін арттырған. Бүгінде TROYA жиһаздары Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, БАӘ, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанға экспортталады.
Айта кетейік, 2024 жылдың І тоқсанында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі 22 экспорттаушыға 81,7 миллиард теңге сомасында қолдау көрсетті. Оның ішінде 4 компания Агенттік қызметіне алғаш рет жүгінді. Жаңа клиенттер бойынша қабылданған міндеттемелер көлемі – 933,4 миллион теңге. Олар жеңіл өнеркәсіп, АӨК — дайын өнімдер, шыны және тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейді. Экспорттаушылар аккредитивті сақтандыру және экспорттық несиелеу қолдау құралдарын пайдаланды.