Жүйесіз қарғыстың зардабын шеккен жан

11 Наурыз, 2020 288 0

Жастайымыздан өзгеден "алғыс ал, қарғыс алма" деп үйретеді. Алғыс естісең марқайып, көңіл-күйің көтеріліп, бір жақсы күйде болатының анық. Ашу-ызамен айтылған сөзге үнжұрғаң түсіп, селсоқ күйде, тамаққа тәбетің де болмауы мүмкін. Қарғыс болса одан да сорақы, бір сөз тағдырыңды тас-талқан етуі мүмкін. Әсіресе қыз балаға әкеден ауыр сөз есту, өзгеден қарғыс есту өліммен тең. Пәтиманың тағдыры дәл осындай болды. 

Бақытты балалық шағын бастан кешіп, қызғалдақ гүлдей құлпырып бойжете бастаған кезі болатын. Бар арманы оқуға түсіп, білім алу. Дене бітімі өзгергенмен, ой-өрісі баланікідей еді. Көзінің астына алып қойған көрші ауылдың жігіті үйленетін болып шешеді. Таңдағаны оқу оқып, қалаға бармаған 18 жасар жас қыз. Пәтима бір-екі рет сырттан көргені болмаса жақын танымайтын. Осылайша алып қашудың құрбаны болды. Армандары асқақ еді. Шешім қабылдау өте өиын болды. Ақ жаулықты басына жауып әлек. Бұндай жабайылықты көрмеген ол, торға түскен құстай, жан-жағына шоши қарайды. Сыртқа қарай ұмтылса, жамыраған жұрт ішке қарай жұлқиды. Ешкім сөзіне құлақ асар емес. Өз-өзіне күш жинап, жерге домалаған кемпірден аттауға тура келді. Бар естігені "Бағың ашылмасын! Бақытсыз бол!" деген суық сөз еді. Қандай ауыр сөз еді. Бір кез құлағынан кеткен емес. 

Ия өзі қалаған оқуына түсті. Армандаған жұмысын істеді. Өмірі бір арнаға түскендей. Бірақ жалғыз. Қайғыдан қан жұтып, қайда барарын білмеген оған қаладағы әпкесі қамқор болып, соның үйінде тұрып жүрді. Елдің сыпсың сөзі жерде жатпасы анық. Жездесінің де балдызының барып келгенін білетіні рас. Бір сұмдықтан сескенген ол көшуге бел буады. Бұлай жүруге болмайтынын сезген Пәтима әріптесіне куйеуге шығуды ойлайды. Сезімі болмаса да тығырықтан шығатын сол ғана болып көрінді. Оның үстіне жасы үлкен, ақыл тоқтатқан.  

Екеуі үйленді. Ұлды болды. Орташа өмір сүрді. Жұбайын сұм ажал ерте алып кетпегенде. Сол кезде баяғы кемпірдің қарғысы есіне түсті. Бақытсыз болды. 

Емізулі баламен қалды. Уақыт өтті, жарасы жазылмаса да, өмір сүру керектігін түсінді. Баласын балабақшаға орналастырды. Басы бос жас келіншекке қырындаушылар да көбейе түсті. Байсыз әйелге батыл қадам жасағыш еркектер пайда бола бастады. Амал нешік жалғыздық құдайға жарасқан демекші біреудің етегінен ұстауға тура келді. Бір жастыққа бас қойған адамның өзіне адал болғанын қалайды әркім-ақ. Жарының бір жыл бойы алдап жүргенін өзінің отбасы бар екенін біледі. Отбасылы адамның басын айналдырған деген атқа ие болды. Әйелінің қарғысын да естіді. Әкесі де қызына қапаланды.

Қыз баланың бағы бір сөзден де байлануы әбден мүмкін. Ия, ол рас. "Жүйелі қарғыс иесін, жүйесіз қарғыс киесін" табар. Дегенмен жүйесіз қарғысты абайламай айтатын жандар да абай болса екен. Таяқтың екі ұшы бар емес пе?


Меруерт АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Тегтер: өмір, оқиға, қоғам, қазақстан, әлем, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.