Түркістанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалуда

Өнеркәсіпті дамыту – ортақ міндет.

Фото: gov.kz

Түркістан облысында мәдениет пен туризм салаларын дамытуға күш салынған, - деп хабарлайды newsroom.kz

Бұл бағытта шетел тәжірибесін пайдаланып, инвесторлар тартуға да басымдық берілген. Өңір экономикасын қарқынды дамыту үшін ұзармерзімді инвестиция құятындарға қолайлы жағдай жасалады.  

Түркістан облысында жаңа инновациялық кәсіпорындар пайда болуы қажет. Еліміздің экономикасына инвестиция салу үшін шетелдік капиталды тарту маңызды, содан кейін өнім экспортқа кетеді. Осыны мақсат еткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапарын Чжэнчжоу қаласында жалғастырды. Айта кетейік, былтыр Түркістан қаласы пен Чжэнчжоу қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылған. 

Хэнань өлкесіне қарайтын бұл аймақ қытай ұлтының алтын бесігі, тарихи және мәдени ошағы саналады. Бұл – елдің тарихи әрі экономикалық орталықтарының бірі. Өндірісі дамыған Чжэнчжоу қаласында Түркістан өңірін жан-жақты дамытуға бағытталған маңызды келіссөздер жүргізілді. 

Хэнань – тұрғындарының саны 100 миллионнан асқан ең бірінші өлке. Бұл қала алғашқы ақшаның, кун-фудың Отаны саналады. Құрлық, теңіз, әуе жолдарында да сауда-экономикалық мүмкіндігі жоғары. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, машина жасау және өзге де салалар қарқынды дамыған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының Қытайдағы аялдамасы Чжэнчжоудан басталады. 

Түркістанда туризм саласын жан-жақты дамыту үшін өңір басшысының басқаруымен Түркістан облысының делегациясы қытайлық жұмыс тобымен кездесті. Сонымен бірге облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясы Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен өткен екі ел кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумына қатысты. Бизнес-форумға екі елдің 100-ге жуық кәсіпорын өкілдері арасында B2B форматында екіжақты кездесулер өткізілді. Бұл кездесулерге Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов та қатысып, инвесторлармен келіссөз жүргізді. 

Дархан Сатыбалды екіжақты байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және өзге де мәселелер бойынша әріптестік орнатуға дайын екенін айтты. Бизнес-делегациясының құрамында білім, денсаулық сақтау, IT, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім беру, денсаулық сақтау салаларының өкілдері болды. Бетпе-бет жүздесіп, бизнес бастауға арнайы жиналған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. 

Облыс әкімі инвесторлар үшін қолайлы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сауда қатынастарын орнатып, инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді. Мәдениет, туризм, білім салаларын дамыту тетіктерінің қарастырылатынын айтты. Өңір басшысы Түркістан облысынның қазақ және түркі әлемі тарихындағы маңызына тоқталып, экономикалық әлеуетімен таныстырды. Инвестиция тартуға, өндіріс орындарын көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.

– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын! Бүгінгі кездесу өзара тиімді ынтымақтастық нығайтуға бірегей мүмкіндік. Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан транспорттық-логистикалық әлеуеті жоғары өңір. Өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы тұста, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді және маңызды сипатқа ие. Атап айтқанда, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы Азия, Африка, Еуропаны құрлық және теңіз бағыттары бойынша байланыстыратын негізгі бастама. Бүгінгі таңда елдеріміздің шекарасы арқылы 5 тұрақты пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбырлары, 2 теміржол желілері және халықаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді. Екіжақты сауда, экономикалық, гуманитарлық және туристік қарым қатынастарды одан әрі нығайтуға күш салып, жаңа бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды. 

Сондай-ақ сапар аясында облыс әкімі инвесторлармен кездесіп, олармен маңызды келіссөздер жүргізді. Экологиялық мәселелерге үлкен мән беретін елдегі тәжірибені меңгеру, тың жобаларды бастау, озық технология шығару, оны меңгеру және басқа да жобаларды талқылады. Кез келген мемлекет экономиканың барлық салаларын қолдайды және бұл тұрғыда өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетіні түсінікті. 

Инвесторлар жұмысқа қолайлы Түркістан өңірінде жаңа жоба бастауды қуана қолдайтындарын жеткізді. Өңір халқының еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту, табиғи тыңайтқыш түрлерін көбейту, құрылыс сапасына озық технология ендіру, өндірісті дамытуға қызығушылық танытуда. Сондай-ақ жаңа технологияларды меңгеруде маман дайындауға ерекше назар аударуда. Кен, өңдеу саласы, фармацевтика салалары бойынша ұсыныстар жан-жақты талқыланды. Жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды.
 

Жүктелуде...