Жаңалықтар

Балабақшада екі жасар баланың үстіне кереует құлап кеткен

Оқиға туралы ата-анасына хабар бермей, жедел жәрдем шақырмаған

Павлодарда балабақшада баланың үстіне кереует құлап кеткен. Бұл оқыс жағдай бойынша сот басталды. Тәрбиеші міндеттерін тиісінше орындамады деп айыпталып жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Телеарна ақпаратынша, тәрбиеші ойыншықтарды жинап жатқанда, үш бала үш қабатты кереуетті тербете бастаған. Осыдан кейін олардың үстіне ауыр төсек құлаған.

Полицияға тек бір баланың анасы арызданған. Оның 2 жасар баласының иығы сынып, психологиясына зақым келген, қазір невропатологта есепте тұр.

"Маған ешкім хабарласпады. Тәрбиеші де, директор да балабақшада не болғанын айтпаған. Енді ұлымда эпилепсия бар, ол сауығып кетуі де мүмкін. Ол өсіп, жасөспірім кезде қалай болатынын білмеймін", - дейді жәбірленушінің анасы.

Алғашында жекеменшік балабақша директорының үстінен қылмыстық іс қозғалса, қазір тәрбиеші балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамағаны үшін сотталып жатыр. Ол оқиға туралы ата-анасына хабар бермей, жедел жәрдем шақырмаған.

"Директор камераларды қосып, сол сәтті көріп, ата-анасына айтпауымды, ешкімге ештеңе айтпауды сұрады, "Ата-анасына айтпаңыз, топқа барып, балаларды бақылаңыз" деді. Өзім де абдырап қалдым. Бұл кереуеттердің бекітілмегенін білмедім", - деді тәрбиеші сотта.

Балабақшадағы кереуеттердің неліктен үш қабатты болғаны және қабырғаға бекітілмегені туралы сұраққа жекеменшік балабақшаның негізін қалаушысы және бұрынғы директоры куәгер ретінде жауап береді.

"Міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруге сәйкес келетін оң жақ иық сүйегінің хирургиялық мойын бөлігінің ығысусыз жабық сынуы түрінде зиян келтірілді", - деді сотта мемлекеттік айыптаушы Марат Әлкенов.

Тараптар сотқа дейін татуласуға тырысып, тіпті баға бойынша да келіскен. Алайда айыпталушы тәрбиешінің айтуынша, жекеменшік балабақша оған бар болғаны 350 мың теңге беріп, қалған соманы – 800 мың теңгені өз күшімен табуды тапсырған. Мектепке дейінгі мекеменің қарапайым қызметкерінде ондай қаражат жоқ, сондықтан ол сотқа келді. Әйел 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.