Атырауда 4 жасар сәби балабақшада көз жұмды
Күндізгі серуен кезінде төрт жасар бала кәріз септигіне түсіп, суға батып кеткен
Қайғылы оқиға бүгін Атырау қаласы маңындағы Құрсай ауылындағы жеке балабақша аумағында орын алған.Оқиғаның болғанын Атырау қаласының білім бөлімі де растады, – деп хабарлайды newsroom.kz порталы Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
«Оқыс оқиға 10 шілде күні сағат 11:00 шамасында «Чебурашка» жеке балабақшасында болған. Күндізгі серуен кезінде төрт жасар бала кәріз септигіне түсіп, суға батып кеткен. Сәбидің денесін балабақша қызметкерлері шығарған. Қазір тиісті органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Аталған жайтқа қатысты құрылтайшының түсініктеме беруін күтіп отырмыз. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз», – деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Атырау облысы полиция департаменті қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.