Жаңалықтар

Атырау облысының бір ауылында бақа қаптап кетті

Қызылқоғалықтар таңғалғанымен, шағымданған жоқ

Ұзындығы екі сантиметрден сәл асатын кішкентай қосмекенділер Қызылқоғаның Бүйрек ауылындағы жолдарды, бақшалар мен үйлердің ауласын басып қалды,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. 

Жергілікті тұрғындар бұл құбылысты су тасқынынан кейін су деңгейінің төмендеуімен байланыстырып отыр. 

Қызылқоғалықтар таңғалғанымен, шағымданған жоқ. Олардың айтуынша, бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған, өйткені бұл аймақтың топырағы құрғақ әрі құмды болып саналады.

«Көктемде маңайымызды су басып қалды. Ойыл өзенінің деңгейі көтеріліп, кей жерлерде су арнасынан шығып кеткен. Қазір деңгейі айтарлықтай төмендеді. Суы кетпеген жер батпаққа айналып, бақа қаптап кеткен. Әсіресе, түнде көп. Үйге секіріп кіріп, бақшадағы құлпынай, таңқурай, қызанақ секілді өсіріп отырғандарды жеп кетеді», - дейді жергілікті тұрғын Асқар Айдынов.

Экологтердің айтуынша, қазір Қызылқоға өңірінің топырағы дымқыл, сол себепті бақалар пайда болған.