Түркістан: "Үлгілі аула" жобасының жеңімпазы анықталды
Тележобаға 30-дан астам үміткер қатысты
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының әкімдігі мен «Turkistan» телеарнасы бірлесе отырып «Үлгілі аула» байқауын жариялаған болатын,- деп хабарлайды turkistan.today порталы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Сәуірдің 15-і күні басталған байқауға үйінің айналасын мұнтаздай таза ұстап, ауласы мен көшесін абаттандырған, бау-бақшасын жайқалтқан тұрғындар қатысты. Әрбір қатысушының ауласы туралы арнайы сюжет, бейне роликтер дайындалып, телеарна эфирінен көрсетіліп отырды.
Тележобаға 30-дан астам үміткер қатысты. Әр аула иесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, түркістандық Айтмұханбетовтер әулетінің бауын бұлбұл құс мекен еткен. Байқауға қатысқан тағы бір тұрғын Берік Құбайдаров ауласында 22 түп шырша өсіріп отырғанымен ерекшеленді. Ал, Бөлтіріковтер отбасы 10 соттық аулаға түрлі жеміс ағаштарын, емдік қасиетке ие талдар еккен. Сондай-ақ, Үркімбаевтар әулетінің шаңырағы 20 соттық ауласына 130 тал, 20 шақты гүл отырғызған. Үлгілі аула иелері бақшасында өсетін түрлі жемістерді ұзақ уақыт сақтауды қолға алған.
Ұйымдастырушы тарап жанынан құрылған көркемдік кеңестің шешімімен «Үлгілі аула» жобасының жеңімпазы ретінде Мерует Тасболатқызы таңдалды. Ол ауласына тек биылдың өзінде 50 жеміс ағашын және 600 түп гүл отырғызған. Жалпы бақшасында 150 түп жеміс беретін әрі гүлді ағаштар бар. Бағбан бау-бақшасын гүлдендіруге 20 жыл уақытын арнаған. Жеңімпаз 100 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Табиғатқа жанашырлық пен тазалықты, көркемдікті насихаттаған бұл байқау алдағы жылдары жалғасын таппақ.