Абу Дабиде тұратын қазақ жігіті әлемде теңдесі жоқ қондырғы ойлап тапқан
Айтуынша, жаңбыр шақыратын қондырғысының әлемде теңдесі жоқ және ол патенттелген
Желіде Арал өңіріне "қолдан жаңбыр жауғызды" деген Алтай Айнабек есімді азамат танымал бола бастады. Өзін "қазақтың Тони Старкі" деп атаған жігіт Қазақстанға әлемде теңдесі жоқ, тың технология әкелдім дейді,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы NUR4KZ сайтынан сілтеме жасап.
Айнабек – Біріккен араб әмірліктерінің астанасы Абу Дабиде орналасқан Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы. Инженер өзін "жасанды жаңбыр жауғызу" технологиясының авторымын деп таныстырды. Маман портал тілшісіне жаңбырды қалай шақыратынын, технологиясы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
"Антициклон - бұл жоғары қысым мен ашық аспан. Антициклонды "бұзу" үшін және циклондық процестерді іске қосу үшін (атмосфералық қысымды түсіру) атомосфераға бірыңғай иондар жіберіледі, бұл ғылымда жерден көтерілетін ауа ағынын тудырады, табиғи процесстердің имитациясы жасалады. Атмосфералық қысым төмендеген жерге мұхит акваториясындағы атмосферадан ылғал келе береді", - дейді Алтай Айнабек.
Айтуынша, жаңбыр шақыратын қондырғысының әлемде теңдесі жоқ және ол патенттелген.
"ЕАПО-ның (Еуразиялық патент ұйымы - ред.ескертпесі) патенті бар, халықаралық деңгейде зияткерлік меншігі қорғалған. Әлемде бұл саладағы Австралия, Германия, Швацария, БАӘ сияқты елдердегі әріптестеріміздің технологиялық мүмкіндігін жақсы білеміз. Аридтік аймақтарда, шын су керек шөл мен шөлейттерде ешқайсысы нәтиже көрсете алмайды, сол үшін оларды бәсекелес деп есептемеймін", - дейді Алтай Айнабек.
Желіде Алтай Айнабектің "жасанды жаңбыр" жауғызып жүргеніне сенетіндер де сенбейтіндер де табылады. Бұл "хайп" немесе "біреудің жобасы" дегендер де бар болып шықты.
"Ол туралы естідім. Біз Қазақстанда мұндай жобаны үшінші рет қолға алып отырмыз. Алдыңғы екеуін кей күштер ешкімге айтпай жауып тастады, сол үшін бұл жолы барлығын лайф форматта өткізіп жатырмыз. "Жоба" болатындай мен саясатқа араласпаймын, біз әлемдік масштабты көздеп отырмыз. Қазір бұл жобаны Орталық Азия мемлекеттеріне, Қытай, Ресей, АҚШ, Еуропаның алпауыт елдері, Таяу Шығыс елдері бақылап отыр. Осыдан түсінсе болады, бізге саясат қызық емес, жобаны жүзеге асыру, су қауіпсіздігі мәселесін шешу қызық", - дейді технология авторы.
Алтай Айнабек елдегі су тапшылығы, құрғақшылық мәселесін толық шешетініне сенеді, тек әзірге билік өкілдерінен қолдау көрмегенін жеткізді.
"Әзірге мардымды қолдау жоқ. Қағаз жүзінде барлығы керек деп отыр. Бұйырса қолдау табады дегенге сенімім мол, өйткені бұл су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жалғыз жол, және COP сияқты (БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясында шешім шығаратын негізгі орган - ред. ескертпесі) әлемдік аренада ауыз толтырып айтатын кейс", - дейді Алтай Айнабек.
Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдерінің айтуынша, әзірге Алтай Айнабек ресми түрде ведомствоға хат жазып, қолдау сұрамаған.
"Қолдау туралы ресми сұрау салған жоқ", - деді министрлік өкілі.