Руханият

БАҚ-тың «бас ауруы»

Тираж – төмен болғанымен, сұраныс – жоғары.

Газет пе, гаджет пе? Бұл сауал ғаламторда түрлі сайт пен желіде желдей ескен парақшалар пайда болғалы көптің көкейінде жүр десе де болады. Расымен де, қазір қоғам телефонға телмірген күйі таң атырып, күн батырады. Қажеттінің бәрін сол телефоннан табады. Маңызды ақпарат алу үшін теледидар мен газетті күтіп отырғысы келмейді. Себебі, жаңалықтың бәрі – желіде. Ал, гаджеттегі мәлімет қаншалықты сенімді? Бұған көз жеткізу үшін газет  керек бола қалады...

Осы орайда, біз сала мамандарын сөзге тартып, азды-кемді журналистік зерделеу жүргізіп көрген едік. Сонымен...

Тасқа басылған тарих

Біз тілдескен әріптестеріміздің бірі газет оқитындарын айтса, екінші бөлігі гаджетті қолдан тастамайтындарын жасырмады. Мәселен, белгілі журналист, әрі саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, газет – тасқа басылған тарих және бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

«Кім қалай десе де, қағаздағы басылымның өміршең болатыны даусыз. Өйткені, газет – тек хабар таратушы ғана емес, тәлім-тәрбиенің де таптырмас құралы. Тіпті, керек десеңіз, ұлттық идеологияны да қалыптастыруға ықпал ете алады. Әңгіме тек оны кімнің қалай қолдануында. Біреу газетті сенімді ақпарат алу үшін оқыса, енді бірі сол ақпарды жан-жақты баяндап қана қоймай, оны жілікше шағып, саралап-сараптап беретін мақаланы іздейді. Ал, үшіншісі өз шығармашылығын шыңдау үшін немесе білім алу бағытында пайдалануы мүмкін. Сондықтан газетті ешкім оқымайды деп көпке топырақ шашуға болмайды. Оған деген сұраныс ешқашан жойылмайды. Мүмкін, уақыт талабына сай төмендейтін болар, бірақ бәрібір өзінің белгілі бір оқырмандар шоғыры болады» дейді ол.

Әр санын сарымайдай сақтап келеді!

Шынымен де, біз қанша жерден газеттен қашып, гаджеттің соңынан қусақ та, түбінде уақыт бәрін өз орнына қоятын секілді. Әріп танығалы «Алматы ақшамы» газетін оқып келе жатқан жергілікті тұрғындардың бірі Қанат Әлмұқановтың да ойы осындай болып шықты.

«Мен жиырма жылдан бері мемлекеттік қызмет саласында халыққа қалтқысыз қызмет қылып келемін. Өзімді осы дәрежеге жеткізген жергілікті «Aлматы ақшамы» десем, артық айтқандығым емес. Өйткені, менің ата-әжем мен ата-анамның өмірі осы газетті оқумен өтті. Қолдарынан еш тастамады. Есесіне, елге сыйлы, көпке үлгі азаматтар болды. Олардың осы қасиеті маған да дарыды. Мен де аталған басылымды оқымай отыра алмаймын. Жаңа санын тағат таппай күтіп отырамын. Себебі, ол – бала кезден бергі ең сенімді серігім.

Мойындаймын, бүгінде қандайма жаңалық болмасын, бірінші болып әлеуметтік желіде жарқ ете қалады. Заман ағымынан қалмау үшін мен де өзіме жеке әлеуметтік парақшалар ашып алдым. Соңғы жаңалықтарды жібермеймін. Бірақ, мені желіде жылт еткен жаңалықтар қанағаттандыра алмайды. Өйткені, бұлардың бәрі де – тек тақырып қана. Яғни, бір жерде бір оқиға болатыны ғана баяндалады. Ал, нақты ненің қалай болғаны және ең бастысы – одан қандай қорытынды шығаруға немесе сабақ алуға болатыны айтылмайды. Міне, осындайда газеттің көмегіне жүгінуге тура келеді. Онда бәрі де егжей-тегжейлі жазылады, әрі тіс қаққан мамандар болған жайтқа баға беріп, пікір білдіреді. Ендеше, осыдан кейін қалай газетке жазылмайсыз?!» дейді ол. 

Бір қызығы, Қанат Парухұлының «Алматы ақшамын» жай оқып қана қоймай, оның әр санын отыз жыл бойы көздің қарашығындай сақтап келеді екен. Біз бұған көз жеткізбек болып үйіне арнайы бардық. Сөйтсек, расымен де оқырманымыз жалған айтпаған екен. Ол сарғайған газет сандарын бірде-бірін қалдырмай тігіп қойыпты! Бұған дейін біз тек монета, медаль, киім-кешек, кәдесыйларды жинайтын жандарды ғана білсек, енді газет жинайтын адамның да барына куә болдық. Ғажап емес пе? Бұл да болса, Тәуелсіздікпен бірге есейген төл басылымға деген оқырмандардың ыстық ықыласы мен патша пейілінің бір көрінісі шығар...

Тираж – төмен, сұраныс – жоғары

Иә, жоғарыда Ғазиз Әбішев айтқандай, ғаламтор ғажайыбы тасқа басылған тарихпен таласа қоймас. Бірақ, заман талабын да тыс қалдыруға болмайды. Әйтпесе, көштен кейін қалып қоюымыз да мүмкін ғой. Бұған қатысты «24KZ» телеарнасының директоры Жасын Біркеновтің өз айтары бар екен.

«Рас, біз әлемнен жырақ өмір сүре алмаймыз. Өз қазанымызда өзіміз қайнасақ, өркениеттен кенже қаламыз. Сондықтан, нарық пен сұранысты да жоққа шығара алмаймыз. Егер оқырмандар газетті гаджеттен оқығысы келсе, демек, оған да жағдай жасау қажет. Себебі, бұл – тұтынушының талабы. Сәйкесінше, газет редакциясында еңбек ететін тілші мен дизайнер де әмбебап маман болуы тиіс. Әйтсе де, бұл мерзімді баспасөздің мерзімі өтті деген сөз емес.

Мысал келтіретін болсам, сонау елуінші жылдары телевизия саласы қанат жая бастағанда қоғам газет пен радио қызметі тоқтайды деп шулаған екен. Бірақ, екеуі де әлі халыққа қызмет етіп келеді. Сол сияқты, қағаздағы басылымдар да қазір қиындықтарға қарсы келіп жатыр. Бірақ, бұл уақытша нәрсе болуы мүмкін. Мұндай жағдай тек біздің басымыздан ғана өтіп жатқан жоқ. Көрші Ресейде, басқа елдерде де осылай болып жатыр. Мәселен, газеттерде тираждың төмендеуіне себеп болып отырған тағы бір жайт, бұл – газетті таратушы «Қазпошта» мекемесіндегі пошташылардың тапшылығы. Олардың жұмысын қазір жалдамалы курьерлер жасап жатыр. Ал, олар аптасына екі рет шығатын газеттің бәрін жинап, оқырманға ай соңында апарады. Бұл кезде жаңалықтың бәрі ескіріп, жазылған мәселе өзектілігін жояды» дейді Жасын Ерсінұлы.

Гаджет – уақытша, газет – мәңгілік

Қалай болғанда да, тарихта газет қалады. Ал, гаджет – уақытша құбылысқа көбірек ұқсайды. Айтпақшы, газеттің өміршеңдігін кітапқұмар жастардың бірі Асан Темірбек жарық жалп етіп өшкенде бір түсінген екен.

«Мен жаңалықты әдетте телефоннан оқитынмын. Өзіме маңызды дегендерін «заметка» деген қосымшаға сақтап жүрдім. Бір кезде сол жаңалықтардың бірі қажет болып қалды. Дәл сол кезде жарықтың өшпесі бар ма? Амалсыз анам жаздырып оқитын газеттердің бірін тауып алып, мәселем шешіліп шыға келді. Енді бірде ғаламтордың жылдамдығы төмендеп, тағы да тығырықа тірелдім. Осыдан соң қажетті мәліметті газеттен қиып алып жинауға көштім. Енді жарық немесе интернет қашан өшер екен деп қорықпаймын» дейді ол.

ТҮЙІН

...Иә, газет тіршілік тоқтағанға дейін өмір сүретініне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз. Әйтпесе, әлі күнге дейін әйгілі «New York Times» пен «Washington Post» тәулігіне миллиондап шықпас еді ғой!