Сараптама

«Битумның иісін жақсы көремін...»

Жанкешті жолшылардың ерен еңбегі жатыр.

Тіршіліктің тамыры саналатын жол – ел экономикасын еселеп, халықтың жағдайын жақсартатын тетіктердің бірі, – деп хабарлайды newsroom.kz

Ал, оның артында күндіз күлікіден, түнде ұйқыдан айырылса да, жанқиярлықпен жұмыс жасап жүрген жанкешті жолшылардың ерен еңбегі жатыр. Мәселен, бір ғана Алматының өзінде ерлермен бірге және бірдей еңбек ететін арулар мен аналар, тіпті, бір бригадада жұмыс жасайтын тұтас отбасылар да бар. Біз бұл жолы олардың жұмыс орнына барып, неліктен жолшы мамандығын таңдағандарын және алдағы арман-мақсаттары қандай екенін білуге тырыстық.

ЖОЛШЫЛАР ӘУЛЕТІ

Бізді ең алдымен жол салуға саналы ғұмырын арнап келе жатқан Мағауовтар әулеті таңқалдырды. Бүгінде жол үстінде еңбек етіп жүрген әкелі-балалы отбасы көпке үлгі, жастарға өнеге болып отыр. Осы орайда, біз отағасы Мақсат Мағауовты іздеп тауып, әңгімеге тартқан едік. Сөйтсек, ол қазір Жетісу ауданында баяғы әдетінше жол жаңғырту жұмыстарымен айналысып жүр екен. Жол қабаттарының нығыздалуына жауапты маман жолдың 4,5 шақырымын биылдан қалмай тапсыруға тырысып жатыр...

– Мен жиырма жылдан бері жол құрылысында маңдай терін төгіп келемін. Өзіммен бірге екі ұлым да осы салада жұмыс жасайды. Бірі ауыр, екіншісі әзірге жеңіл техниканы тізгіндеп үлгерген. Осылайша, облыс орталығынан бастап алыс ауылдардағы көлік инфрақұрылымын жақсартуға өз үлестерімізді қосып келеміз. Өзім жастайымнан қол қусырып қарап отырғанды ұнатпаймын. Үнемі қозғалыстамын. Себебі, қазір кешегі тоқсаныншы жылдардағыдай тоқмейілсіп отыратын тоқырау заманы емес. Уақыт бізден бұрынғыдан да ширақ қозғалып, еселеп еңбек етуді талап етіп отыр. Сондықтан қашан да қайнаған қара жұмыстың қақ ортасынан табылуға тырысамын, - дейді ол бізбен әңгімесінде.

ӘКЕ КӨРГЕН ЖОЛ САЛАР...

Ал, Мағауовтардың ортаншы ұлы Наурыз Әлқожаның жолшы мамандығын таңдауына әкесінің күнделікті қызметі әсер етіпті. Ол қарапайым еңбек адамының еңбекқорлығы мен еңбексүйгіштігіне сүйсініп, өзі де сондай болуға ұмтылған екен.

«Мен ес білгелі көріп келе жатқаным – әкемнің тынымсыз еңбегі. Оны қашан көрсем де, жолдың айналасында жүреді. Тіпті, кейде жанұясы үйде күтіп отырғанын да ұмытып кететін секілді. Түнде де тыныш мезгілді пайдаланып жұмыс жасап жатады. Соның бәрін көріп, мен де оның ісіне сүйсініп қарайтын болдым. Сөйтіп ер жеткен соң қолыма күрек алып, жол бойындағы қарапайым қара жұмыстарды атқара бастадым. Бүгін, міне, өзіңіз көріп тұрғандай ауыр техниканы да тізгіндеп, қызмет аясын кеңейтіп жатырмын. Осының бәрі де адал еңбекке баулыған ата-анамның арқасы деп білемін. Дәл осылай аға буын өкілдері кейінгі толқынға білгендерін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырса, жастар да жолшы болуға бел буады деп ойлаймын. Қазір мұнда жүздеген шақырым жол жөнделіп жатыр. Ауыл көшелері де қайта жаңғыртылуда. Демек, еңбек нарығында жолшыларға деген сұраныс жылдан-жылға көбейіп келе жатыр деген сөз» дейді жас маман.

Жолшылар бұл жұмыстың оңай емес екенін айтады. Мәселен, салынған немесе жөнделген жолдардың бәрі бірдей кәдеге жарай бермейді. Кейбірі комиссия тексерісінен өте алмай қайта жасалып жатады. Өйткені, соңғы уақытта жол сапасына қойылатын талап күшейгендіктен тексеріс те көбейген.

ҮЙДЕ – ОТБАСЫ, ТҮЗДЕ – ҰЖЫМ

Біз мүмкіндікті пайдаланып, үлкен еңбекке енді ғана араласып жатқан Мағауовтардың ең кенжесі Әділетті де сөзге тартып көрдік.

«Әкемнің қасында көп жүрдім. Сондықтан да болар, жолшы болуға қатты қызықтым. Әуелі оңай жұмыстарды атқардым. Қазір шағын жүк тиегіш көлікпен жұмыс жасауды үйреніп алдым. Бүгінде осы салада еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Себебі, мен еліміздің оңтүстік астанасына жаңа жолдар салуға атсалысып жүрмін. Игі іске теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосып жатқаныма қуанамын. Мұны айналамдағы адамдарға да зор мақтанышпен айтамын. Қазір жастардың көбі басшылық қызметте жұмсақ орындық пен жылы кеңседе қызмет еткісі келеді. Сонда физикалық күш-қуатты талап ететін ауыр жұмыстарды ертең кім жасайды деген ой келеді. Ендеше, мен өзімнің қатарластарымды осы олқылықтың орнын толтыруға шақырамын» дейді Әділет.

Мағауовтар жұмыс барысында бір-біріне әкелі-балалы бір отбасы деп емес, әріптес ретінде қарайтындарын айтады. Сонда жауапкершілік жүгін мейлінше көбірек сезініп, алға қойылған міндеттерді мінсіз атқарады екен. Екінші жағынан, әкесі балаларына үйдегі отбасы құндылықтарын насихаттаумен ғана шектелмей, қайнаған қара жұмыстың қазанында адал табыс табудың тетіктерін де үйретеді.

АРУЛАР САЛҒАН СОҚПАҚ

Әдетте жолшы мамандығын көбінесе ер азаматтар игеріп жатады. Бірақ, бұл салада нәзік жандылар да еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Түрксіб ауданының жолшысы Гүлнұр Ерғалиева. Ол үйде – жанұяның жарастығы мен шаңырақтың шырайын келтіріп отырған көпбалалы ана, ал, жұмыста – жауапты маман. Оның кәсіби шеберлігі тіпті ер адамдардың да таңдайын қақтырып, ауыздарын аштыруда.

– Жолшы болып отбасымды асырап жүргеніме ширек ғасырдай уақыт болды. Күні кеше ғана жалындаған жігерлі жастардың бірі сияқты едік, бүгін білдей бір саланың ардагері болып шыға келдік. Осы уақыт ішінде жол саласының барлық болмаса да біраз қыр-сырына қанықтық қой. Мұнда тек ыстық пен суыққа бірдей төзе білетін жан ғана жұмыс жасай алады. Мен де табандылық пен төзімділіктің арқасында келе жатырмын деуге болады. Өйткені, шын мәнінде жолшы болу оңай жұмыс емес. Оған ерекше ерік-жігер мен қажыр-қайрат керек. Шілденің шіліңгірінде қара май қайнатып, ал, қаһарлы қыстың қарлы боранында жедел жол тазалауға тура келеді. Сондайда физикалық мүмкіндіктерден бөлек психологиялық дайындық та қажет болады. Қалай дегенмен, қиындықтарға қарсы тұра алмаған адам күйзеліске түсуі мүмкін ғой, - дейді Г.Оразқызы.

ЖАРТЫ ҒАСЫР – ЖОЛ ҮСТІНДЕ

Репортаж соңында тасжол төсеп жатқан жұмысшылардың жанына келіп, азды-кем тілдестік. Ішінде жарты ғасырға жуық уақыт табан аудармастан жол төсеуші болып жұмыс жасап келе жатқан ағамыз да бар екен. Біз одан бір кәсіпте ұзақ уақыт қалай жалықпай жүргенін сұрадық...

«Мен елу жылдай жолда келемін, - деп жымиды жол төсеуші Алмасбек Қадыров бізге қарап. – Еңбекке ерте араласып, 17 жасымда жолшы болдым. Асфальтты бетон зауытында жиырма жылға жуық еңбек еттім. Сізге бір қызық айтайын, маған битумның иісі ұнайды. Ал, керісінше, көп адам оның иісін жақтырмайды. Басқаларының бастары ауырып, балтыры сыздаса, мен бұл жұмыстан ләззат аламын. Жұмыс таңғы сағат жетіде алкотест тапсыру мен дене қысымын өлшеуден басталады. Яғни, ішімдік ішкен-ішпегеніміз тексерілген соң ғана жұмысқа шығуға рұқсат етіледі».

Айтуынша, жолшылар бригадасы өте ұйымшыл болуы керек. Бірлескен жұмыста ғана береке болады. Өйтпеген жағдайда онсыз да қиын жұмыс одан бетер күрделеніп кетеді.

– Біздің жұмыс уақытқа бағынбайды. Егер тез арада тасжол төсеу керек болса, түнделетіп болса да жұмысты жедел бітіруге тырысамыз. Екіншіден, асфальт тек бір рет қана төселеді. Сондықтан бұл жұмыс қателікті кешірмейді. Үшіншіден, жаңа салынған тасжол 72 сағат ішінде қатып, кәдеге жарай бастайды. Ал, оған дейін қоршауға алынады. Ең қиын кезең – жаз мезгілі. Маусым, шілде мен тамыз айларындағы ыстыққа шыдаған адам жолшы бола алады. Өйткені, жазда күннің ыстығы 45 градусқа дейін көтерілсе, асфальттың асты 160  градус болып қайнап жатады. Біз соның бәріне шыдадық. Қалай болғанда да, еңбектің наны тәтті болады. Жеңіс пен жетістік жолы жеңіл болмайды. Есесіне, қаншалықты жанкештілікпен жұмыс жасайтын болсаң, соншалықты абыройың артып, беделің биіктейді, елге сыйлы, жұртқа қадірлі бола бастайсың» дейді Алмасбек мырза.

P.S. ...Иә, сірә, жолшы болу – жеңіл жұмыс емес. Қиындығы мен қызығы қатар өрілген қызметтің қыр-сырын тек жолшылардың өздері ғана біледі. Ал біз олардың еңбектері еселеніп, жолдары жарқырай берсін деген тілекпен қимай қоштасып кете бардық.