Қыздар педагогикалық университетіне оқу ғимараты берілді
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне 1986 жылдан бері алғаш рет Алматы қаласының орталығынан оқу корпусы берілді.
Жаңалық 80 жылдық мерейтой қарсаңында QyzPU ұжымы үшін тарихи оқиға болды.
Аталған жобаны басынан аяғына дейін QyzPU Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Нұртайұлы Өксікбаев жүргізді және университеттің жарғылық капиталын ұлғайтуға белсенді атсалысты. Омархан Нұртайұлының айтуынша, Университеттің білім беру инфрақұрылымын кеңейту студенттердің оқу жағдайын, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрам жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Студенттердің көпшілігі – еліміздің шалғай аймақтарынан келген қыздар.
Мемлекет тарапынан берілген оқу ғимаратының ауданы – 12 000 шаршы метрден асады. «Кайсар Тауэр» бизнес-орталығы ЖОО балансына берілді. Ғимаратты бұзу жоспарда жоқ, сондықтан жалған жаңалықтарға сенбеуге шақырамыз.
Атап өтейік, Ұлттық университет 1944 жылы құрылған, қазіргі таңда құрылымында 5 институт, 24 кафедра бар және 8600 студент білім алады.