Сұхбат

"Басымызға бас, жасымызға жас қосылсын!"

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді екен

Бүгінде халқымыздың саны 20 миллионға жетіп отыр. Бұл – мемлекет тарихындағы айшықты көрсеткіштердің бірі. Соның ішінде, халықтың ең көбі Алматы қаласында шоғырланған, – деп хабарлайды newsroom.kz

Соңғы көрсеткіштер бойынша мұнда 2 млн-нан астам адам тіркелген. Демек, ел экономикасы еселеніп, алға батыл қадам басып келеді деген сөз. Соған сәйкес, халықтың тұрмысы да жақсарып жатыр. Ендеше, біз бұл маңызды көрсеткішке қалай қол жеткіздік? Бұл бағытта біз белгілі демограф Шынар Пазылбекқызымен әңгімелескен едік.

– Біз мұндай тарихи белеске қалай жеттік?

– Өткен жылдың 14 қарашасында халық саны жиырма миллионға жетті. Халық санын толықтырған азаматтарымыздың туған күні демографиялық ретті ескере отырып анықталды. Айталық, санаққа елімізге тұрақты көшіп келгендер мен кеткендер қосылады, туғандар мен қайтыс болғандар алынады. Халық санағы осы ережеге сәйкес орындалады. Бұрын бұлардың барлығы дерлік қолмен жасалып, көп уақытты қажет ететін болды. Ал, қазір мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы біздің осы процесті жеңілдетуге өз септігін тигізді. Сондай-ақ, өмірге келген сәбилеріміздің туған күнін жоғары дәлдікпен қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді. Деректер базасына сүйенсек, 14 қараша күні сағат 8.10-да ел аумағы бойынша бес бөбегіміз жиырма миллионшы азамат болып табылды. Олар Ұлытау, Жетісу, Ақмола, Атырау, Түркістан облыстарында дүниеге келді.

– Ал, негізі қай уақытта халық саны осындай көрсеткішке жетеді деп жоспарлап едіңіздер?

– Жалпы айтқанда, статистика органдары жоспар құрумен айналыспайды. Бірақ та, 1 қазандағы республиканың халық саны 19 967 964 адамды құраған болатын. Жыл басынан бері халық өсімі 1,02 пайызға өсіп, 201,1 мың адамға көбейіп отырмыз. Сонымен қатар, халықтың жоғары өсу қарқыны Астана, Алматы және Маңғыстау облысында тіркелген. Биыл адам санының өсу қарқыны бір пайызға өссе, шамамен 20 миллионыншы азамат қазан айында дүниеге келуі мүмкін деген жоспарымыз да болды.

– Қай облыста бөбегіміз бірінші туылды және оны қалай есептедіңіздер?

– Денсаулық сақтау министрлігінің базасы бойынша бізге күнделікті сағатына, тіпті минутына туған балалар жөнінде бізге ақпарат түсіп отырады. Одан басқа, бұның ішіне көшіп келгендер мен кеткендер де кіреді. Осылайша, халық санағы жаңарып отырады. Дегенмен, бүгінде бәрі электронды жүйеде болғандықтан, туған балалардың сағат, секундына дейін автоматты түрде компьютерде шығып тұрады.

– Коронавирус пандемиясынан кейін туу көрсеткіші қалай болды?

– Жасыратыны жоқ, коронавирустық инфекция кезінде көп адам қайтыс болды. Ал, оған дейін халық саны өзінің тұрақты деңгейінде тұрған еді. Алайда, осыған қарамастан жалпы өсімнің тіркелуі көңіл қуантады. Осы орайда, Алматы қаласына көшіп келушілер саны да екі есе көбейді. Өйткені, қаламызда жұмыс орындарының көптеп ашылуы өз септігін тигізуде.

– Шетелдегі туу көрсеткішіне де тоқталсаңыз...

– Енді әлем бойынша нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ, туу көрсеткіші азайып жатқаны жөнінде түрлі болжамдар айтылуда. Айталық, әр ел өз статистикасын шығарып, өзара салыстырып отырады. Қай мемлекет болмасын өз халқының саны көбейгенін қалайды. Сондықтан, елдің жағдайы жақсы болса, адамның саны артады деген ойдамын.

– Халық санын көбейту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қазір Үкімет тарапынан халыққа көптеген жағдайлар жасалуда. Мәселен, көпбалалы аналарға, өсіп келе жатқан жастарға толыққанды әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Сонымен қатар, тұрғын үй мәселелері бойынша да жан-жақты бағдарламалар жүзеге асырылып келе жатыр. Ал, жас отбасыларға үй алар кезде жеңілдетілген ипотека секілді мүмкіндіктер ұсынылуда. Сондай-ақ, жас мамандарды жұмысқа орналастыру бағытында да іргелі істер атқарылып жатыр деуге болады.

– Халық санағы неше рет өткізіледі?

– Халық санағы он жылда бір рет қана өткізіледі. Соңғысы 2021 жылы өткен болатын. Сол жылғы ерекшелік, сауалнама қағаз және онлайн түрде жиналған болатын. Яғни екі тәсіл арқылы. Одан бұрын 2009 жылы өткен болатын. Кейін 2019 жылы өтуі керек болған, бірақ пандемияға байланысты уақыты өзгертілді. Санақ тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша және үйіңізде тұрып жатқан адам саны мен тұрмыстық жағдай негізінде алынады. Халық санағын өткізерде арнайы комиссия құрылады. Олар бір жыл бойына дайындалады. Сауалнаманы қоятын адамдар да сұхбаттасу арқылы таңдалады.

– Көшіп келетіндер мен кететіндерді қалай бақылап отырасыздар?

– Бұл тікелей ішкі және сыртқы істер министрлігінің көш-қон базасында тұрады. Содан соң интеграция арқылы базаға айына бізге бір рет жіберіп отырады. База күнде өзгеріске түсетіндіктен, біз оны тек айына бір-ақ рет жасақтап алып отырамыз. Яғни күнде бақылай алмаймыз.

– Оңтүстік астанада санақ қалай жүргізіледі?

– Халық санағы ауқымды жұмыс болғандықтан, Үкіметтің тапсырмасы бойынша бұған бөлек қаржы бөлінеді. Жергілікті әкімшілік жауапкершілікті өз мойнына алады.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Келесі халық санағы енді он жылдан соң өтеді. Санақ өтетін кезде көп адамдар наразы болып жатады. Мәселен, «біз туралы барлық ақпарат базада бар емес пе, неге сұрай бересіздер?» деген секілді сауалдар жиі қойылып жатады. Елге қажет болғандықтан, біз санақ жүргізуге міндеттіміз. Өйткені, қазір базадағы деректер жаңарып, қосымша сұрақтармен толықтырылып отырады. Осыған байланысты бұл ақпараттарды біз адамның өз аузынан естіп немесе жеке мәліметтері арқылы біле аламыз. Сондықтан біз қазір онлайн жүйені дамыту үстіндеміз.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!