Түркістан соты "екі баласын тұншықтырып өлтірген" әйелге 15 жыл түрме жазасын кесті
14 мамыр күні басталған сот процесі алқабилердің қатысуымен өтті
20 маусым кешке Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістан қаласында "екі баласын тұншықтырып өлтірді" деген айып тағылған 31 жастағы Бота Хамитқызына 15 жыл түрме жазасын кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді деп хабарлайды newsroom.kz
Судья Дәурет Мадалиев айыпталушыны Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен (99-бап) кінәлі деп танып, 15 жылға бас еркіндігінен, өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқынан айырды.
Сотталушының қоғамдық қорғаушысы, әкесі сот үкіміне келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Сотта жәбірленуші деп танылған Хамитқызының күйеуі, бақилық болған екі баланың әкесі үкімді онлайн тыңдады. Ол үкім оқылғанда көзіне жас алды. Жәбірленуші Азаттыққа сот пен іске қатысқан алқабилер шешіміне келісетінін айтты.
14 мамыр күні басталған сот процесі алқабилердің қатысуымен өтті.
Сотта айыпталушының созылмалы психикалық аурумен ауырмайтыны, балаларын аффект жағдайда өлтірмегені анықталған.
Бота Хамитқызы – Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны. Пушкин атындағы №46 мектептің бастауыш сынып мұғалімі болған. Бұрын-соңды сотқа тартылмаған.
Іс материалында айыпталушы 2024 жылғы 7 ақпанға қараған түні Түркістан қаласындағы жалға алып пәтерде "ұйықтап жатқан 5 жасар ұлы мен 4 жасар қызын жастықпен тұншықтырып, қасақана өлтіргені" айтылған. Полиция қылмысқа күдіктіні ертеңіне Шымкент қаласындағы қонақүйден ұстаған. Бота Хамитқызы сотта айыпты мойындаған.