Жаңалықтар

Дархан Сатыбалды Сайрам тұрғындарымен кездесті

Биылғы 4 айда атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Облыстың, ауданның даму бағыты туралы ой қозғап, өзекті мәселелерді де екшеді. Сайрамдықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады,-деп хабарлайды newsroom.kz

– Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 млрд. теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд. 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды. Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 млрд. теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс көп. Ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамыту керек, – деген Дархан Сатыбалды қаржыны игеру, заңсыз құрылыстарды тоқтату, қылмысты төмендету, су мәселесін шешу және өзге де түйткілдерді реттеу бойынша тапсырмалар берді. Сонымен бірге тазалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Кездесуде аудан әкімі Арман Сәбитовтың жыл қорытындысы мен биылғы 4 айдағы атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.

Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 21 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 202 млрд.теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 64 млрд. теңгеге немесе 46 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 млрд. теңгеге жетіп жоспар 2,4 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 51 млрд. теңгеден асып, жоспар 11 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына бұл көрсеткіштерді жақсарта түсу, өзіндік кірістерді арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Кездесу барысында тұрғындар облыс әкіміне инфрақұрылым және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өтініштер түсті.

Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер мен арыз-шағымдар назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі